Атырауда 50-ден астам лифтіні ауыстыру керек

Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы kaz.inform.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.

Атырау қаласындағы Б.Аманшин көшесінде орналасқан 72,74 үйдің тұрғындарына бұл мәселе жақсы таныс. Айтуларынша, 9 қабатты үйдегі жедел сатының жүргенінен тұрғаны көп. Әдетте баспалдақ арқылы көтерілуге мәжбүр. Ал лифт істеп тұрған жағдайда дірілі жүрекке қорқыныш ұялатады. Тіпті, мұндағы темір механизмнің ескіргені соншалық жақында өрт шығыпты. Ал қосалқы бөлшектерін тұрғындар өз қалтасынан қомақты қаржыға ауыстыруға мәжбүр болған.

— Бұл үй пайдаланылуға 2006 жылы берілген. Лифт сол кезде қондырылған. 20 жыл болды. Күнара жасамайды. Лифт есігіне қысылып, жарақат алған жағдайлар да болды. 2024 жылы осы мәселе бойынша қалалық әкімдікке арыз жаздық. Әкімдіктің берген жауабы бойынша модернизация өткізу керек. Тұрғындардың 75 пайызы келісу керектігін айтты. Тұрғындар тарапынан біз қажетті құжаттың бәрін жасақтадық. Одан кейін кері байланысқа шықпады. Соңғы рет байланысқанда «республикалық бюджеттен ақша бөлінген жағдайда ауыстырамыз» деп жауап қатты, — деп мәселенің мән жайын түсіндірді тұрғын Райфолла Бижанов.

Техникалық талапқа сәйкес, лифтінің қызмет ету мерзімі — 25 жыл. Бірақ тұрғындар бұл қос үйге әуел бастан ескі жеделсатылар орнатылды деп отыр. Мұны қалалық ТҮКШ және тұрғын инспекцисы бөлімінің қызметкерлері де растады. Алайда жөндеу жұмыстарының қашан жүргізілетіні туралы нақты мәлімет бере алмады.

— Құлап кететіндей жағдай болса ғана алдын аламыз. Ал егер қосалқы бөлшектерін ауыстыру керек болса, бұл жұмысқа әкімдік араласпайды. Өйткені, лифт — тұрғындардың ортақ мүлкі. Олар ақша жинап, өздері ауыстыру керек. Лифттерді ауыстыруға жергілікті бюджеттен ақша қаралмайды, барлығы республикалық бюджетке байланысты болып отыр. Қазір модернизация бойынша жоспарымызда аталған екі үй тізімде бар, — деп пікір білдірді Атырау қалалық ТҮКШ және тұрғын үй инспекцмиясы бөлімінің сектор маманы Медет Шапкиров.

Тұрғындар лифттің жұмысын үйлестіруге, яғни күтіп-ұстау үшін «Атырау Лифт» мекемесіне қаржы төлейді. Бір сөзбен айтқанда, арнайы карта арқылы көтеріліп түседі. Қазіргі уақытта қаладағы көпқабатты үйлердің басым бөлігіндегілер жеделсатылар осы жүйе арқылы жұмыс істейді.

Былтыр қалалық ТҮКШ және тұрғын үй инспекциясы бөлімі 90 көпқабатты үйді жаңғыртудан өткізу үшін жоба жасақтап қойған. Онда 50-ден астам лифтіні ауыстыру көзделген. Олар «Нұрсая», «Алмагүл» ықшам ауданында және Сәтбаев, Жарбосынов, Тайманов және Канцев көшесінде орналасқан көпқабатты үйлерді қамтиды. Мамандардың сөзінше, қазір нарықта бір лифтінің бағасы 21 млн теңге шамасында.

Былтыр әкімдік бұл жұмыс үшін 1,1 млрд теңге қажет болып, республикалық бюджетке сұраныс жіберген. Алайда қолдау таппады. Жалпы жергілікті атқарушы орган лифттерді модернизациялау жобасы арқылы ауыстырып немесе жөндеп береді. Тұрғындар бұл жұмыстың құнын бірнеше жыл ай сайын бөліп төлейтін болады.

Атырау облысы әкімінің орынбасары Қайрат Нұртаев осы мәселеге қатысты пікір білдірді. Ол былтыр республикалық бюджеттен қажетті қаржының бөлінбей қалғанын растап, биыл осындай жағдай қайталанса, қажетті ақшаны жұмысқа жергілікті қазынадан қарастырамыз деді.

— Шыны керек бұл жұмыс жылдың аяғына дейін созылып, өкінішке қарай қолдау таппай қалды. Қазір бұл бағытта әріптестермен сөйлесіп, жұмыстанып жатырмыз. Биыл 37 үйді модернизациялап, лифтін ауыстырамыз. 21 лифтіге жобамыз дайын тұр, — деді Қайрат Нұртаев.

Қазір қалада 179 үйде 560-тан астам лифт бар. 2024 жылы қалалық әкімдік 9 лифтіні жөндеген.