Атырауда әнұран орындалған сәтте кеудесіне қолын қоймаған екі азаматқа айыппұл салынды

Бұл туралы Caravan.kz медиа-порталы Нұрлы дағуат парақшасына сілтеме жасап хабарлайды.

"Ағымдағы жылдың 28 қыркүйегі күні Атырау қаласындағы «Шапағат» деструктивтік діни ағымдардан жапа шеккендерге көмек орталығының ұйымдастыруымен діни бірлестіктер арасында кіші аяқ добынан ашық турнир өткен болатын.

Жарыс барысында ҚР Гимні орындалған сәтте оң қолын жүрек тұсына қоймай, яғни мемлекеттік рәмізге құрмет көрсетпеген еліміздің екі азаматы ҚР ӘҚБтК-нің 458-бабы 1-бөлімімен кінәлі деп танылды.

Заң бұзған екі азаматқа әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтырылды. Мемлекеттік Гимнді мойындамаған оларға заңмен белгіленген айыппұл салынды.

Осы оқиғаға байланысты Атырау облыстық дін істері басқармасының басшысы Қайролла Көшқалиев Атырау облысы ішкі саясат басқармасы мен Атырау қаласы Полиция басқармасына тиісті шара алуды сұрап, хат жолдаған болатын.

Енді айыппұл салынған екі азаматпен ҚР мемлекеттік рәміздер туралы заңы аясында Атыраудағы бірнеше басқармалар тарапынан түсіндірме жұмыстары мен профилактикалық кездесулер жүретін болады.


ҚР Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы Заңы 2011 жылы 11 қазанда (№483-IV) қабылданды.

Заң қалай жұмыс істеуде?

Бұл туралы біз Атырау облыстық дін істері басқармасы басшысы Қайролла Көшқалиевке жолықтық. «ҚР Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы Заңының 490, 453-баптары салафизмге тосқауыл болатын заңдар. Бірақ бұл заңдар басқа аймақтарда толыққандыжұмыс істемей жатқаны шындық. Біз бұл заңдарды 2015 жылы іске қостық. Заң бұзған тұлғаларға айыппұл салып,тұрғындарға түсіндірме жұмыстарын жүргізіп келеміз. Бүгінде өзге облыстардағы әріптестеріміз бізге хабарласып, тәжірибемізді қолдануда. Бұл екі баб деструктивтік бағыттағы діни материалдарды әзірлеу,сақтау, тарату, жеткізу және пайдалануға тиым салады. Өткен 8 айда Атырауда деструктивтік материалдарды таратуды анықтау мақсатында 4000 астам аккаунтқа мониторинг жүргізілді.Соның 109-ы діни сараптамаға жіберіліп, нәтижесінде 44 тұрғынның әрқайсысына 50 000-150 000 теңге аралығында айыппұл салынды,- дейді басшы".