Полицияға баланың жоғалып кеткені туралы Атырауда тұратын тұрғындардың бірі хабарлаған. Ол 5 жасар ұлын белгісіз бойжеткеннің көлікке отырғызып алып кеткенін айтты, деп хабарлайды облыстық ІІД баспасөз қызметі жетекшісі Гүлназира Мұхтарова.
Баспасөз хатшысының айтуынша, 20 минуттан кейін шұғыл басқару орталығының операторлары аталған көліктің «Авангард» ықшам ауданында жүргенін анықтады.
«Дереу жеткен полицейлер машинаны сол ықшам ауданнан тапты. Бойжеткен де, бала да сол көліктің ішінде отырған болып шықты. Бүлдіршін дін-аман», - дейді Г.Мұхтарова.
Полицияның мәліметінше, күдікті Шымкент қаласының тұрғыны көрінеді. Қазір аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғау мәселесі қаралып жатыр.