Атырауда бір жарым центнерлік ақсерке ауланды

«Биылғы көктемде бұл біздің балықшылардың екінші олжасы. Бірнеше күн бұрын Жайықта ауға 140 келілілік ақсерке түсті. Енді  осы арқылы біз ақсерке уылдырығын алып, оны дер кезінде ұрықтандыра аламыз. Бұл тұрғыда зауыттың су қоймасында өсіретін шабақтар тіршілікке икемді болады», - деп хабарлады ҚазАқпарат тілшісіне Жайық-Атырау бекіре өсіру зауытының директоры Ғилман Сәрсемалиев.

Қазақстанда бекіре тұқымдас балықтарды аулауға мораторий жарияланған. Соңғы жылдары Жайық-Каспий бассейнінде олардың таралымы 90 пайызға қысқарды. Тек қана облыстағы екі балық өсіру зауытында бекіре тұқымдас  балықтарын аулауға рұқсат етілген. Мемлекеттік тапсырыс бойынша олар жылына 6 млн. ақсерке, қызыл балық және бекіре шабақтарын өсіруі тиіс.