Атырауда "е-learning" бағдарламасы бойынша бөлінген қаржы ысырап болған

Электронды оқытуға арналған "е-learning"-тің пилоттық жобасына Атырау облысында алғашқылардың бірі болып Құлсарыдағы мұнай және газ технологиялық колледжі кірген. Құны 20 млн теңгеге құрал-жабдық та алыныпты. Бірақ маман тапшылығына байланысты осы аппаратуралар толық қолданылмай жатыр.

Бауыржан Оразов, Атырау облыстық тексеру комиссиясының мүшесі:

- Тексеріс кезінде жоба аясында құрал-жабдықтардың қондырылғаны бірақ, іске қосылмағаны анықталды. Оған арнайы маманның жоқтығы мен кейбір жүйелерінің іске қосылмауы себеп болған. Және бұл ақпаратты колледж директорының өзі қол қойып, басқармаға жолдаған.

Бірақ колледж басшылығы қымбат құрал-жабдық қомада шаң басып жатыр дегенмен келіспейді. Толық қолдана алмай жатқандары рас екен. Өйткені "е-learning"-тің тілін білетін мұғалім жоқтың қасы. Іске қосылған алғашқы жылы біраз қиындықтар болыпты, қазір машықтанып қалдық деп отыр.


Маруся Сарбалиева, колледж директорының орынбасары:

- Биылғы оқыту жылында да осы электронды оқыту жүйесі бойынша оқу бағдарламасы салынып, оқушылар, мұғалымдер, ата-аналар өздерінің логин парольдерін алып, сонымен жұмыс істеуде.

Жалпы, мұндай жағдай Атырау аумағында бір емес, бірнеше рет қайталанып отыр. Мысалы, осындағы Көлік және коммуникация колледжінде 15 миллион теңгеге алынған жабдықтар мүлдем қолданылмаған. Индер ауданындағы  Ауыл шаруашылығы колледжінде де дәл осындай жағдай. Осыны қорыта келе комиссия мүшелері қазынадан қыруар қаржы алатын бұл мекемедегілердің білім деңгейіне төмен деген баға берді.