Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы ҚазАқпарат-қа сілтеме жасап хабарлайды.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, жыл басынан бері мас күйде көлік жүргізген 60-тан астам жүргізуші әкімшілік жауапкершілікке тартылған.
«Мәселен, патрульдік полиция қызметкерлері 7 ақпанда сағат 04:30 шамасында Атырау қаласындағы Берғалиев-Шоқай көшелерінің қиылысында «ВАЗ – 2115» маркалы автокөлігін тоқтатты. Тексеру кезінде рульде отырған 1992 жылғы жігіттің көлік жүргізу құқығы жоқ екені анықталды. Медициналық сараптама қорытындысымен оның жеңіл дәрежелі мас күйде екені белгілі болды. Оған қатысты ҚР Әкімшілік құқық бұзу кодексінің 608-бабының 6-бөлімімен әкімшілік хаттама толтырылды. Сот шешімімен 20 тәулікке әкімшілік қамауға алынды», -деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.
Сондай-ақ, бұл көлікте 40 жастағы әйел болған. Ол аталған көліктің иесі болып шыққан.
«Әйел иесі бола тұра көлік құралын алкогольді ішімдік ішкен мас адамға басқаруға берген. Осыған байланысты, оған қатысты ҚР Әкімшілік құқық бұзу кодексінің 608-бабының 8-бөлігімен әкімшілік хаттама толтырылды. Сот шешімімен көлік иесіне 428 820 теңге көлемінде айыппұл салынды. Ал, автокөлік арнаулы тұраққа қойылды», -деп мәлім етті баспасөз қызметінен.
Еске сала кетелік, бұған дейін Атырауда мас тұрғын адам өлтіргені туралы жалған хабар бергенін жазған едік.