Атырауда маса қаптады

Бұл – маса улау процесі. Күндіз аптап ыстықтан бас сауғалап, тұрғын үйлердің жертөлелерін, шөптің арасы мен шалшық суларды паналайтын қансорғыштарға қарсы күрес осылай жүргізіледі. Бірақ, бұдан олардың саны азаяр емес. 

Жаз әлі күшіне міне қоймаса да, Атырауда ауа температурасы қазірдің өзінде 37 градустан асып тұр. Бұл өз кезегінде қансорғыштардың тез көбеюіне қолайлы мүмкіндік тудыруда. Кешкі 7-ден кейін серуенге шыққан атыраулықтар масаға қарсы күреске көшеді. Бірі кәдімгі орамалмен қансорғыштарды үрктіп әлек болса, енді бірі екі сағатқа дейін әсер ететін мынадай кремдерді жағып немесе арнайы спрей шашып алуға асығады.

Әсіресе үйде отырмайтын ойын баласына қиын. Шаққан жерін лезде-ақ күп қып ісіріп жіберетін масадан қалған қотырды кез-келген баланың денесінен көруге болады.

Айым Тасболат, мектеп оқушысы:

-Біздің қаламызда масалар толып тұрады.Масалармен көп ойнай алмаймыз. Міне үстімізді, барлық жерімізді шағып тастады, қып-қызыл етіп.

Светлана Стадниченко, Атырау қаласының тұрғыны:

-Кешкілік көшеге шығу мүмкін емес. Атырауда жасыл желектің көбейгені жақсы ғой, бірақ, маса да тіпті көбейіп кетті сонымен бірге. Балаларға крем жаға алмайсың аллергия береді, сондықтан міне, осылай жүргеніміз маса қағып, баламен алысып.

Жалпы, масаны құрту жұмыстары Атырауда сәуірден қарашаға дейін жүргізіледі. Қалалық әкімдік бұған 90 миллион теңгедей қаржы бөлген. Оған 5 тонна дәрі алыныпты. Бірақ бұл да масадан мазасы кеткен Атырауға сеп болмай тұр.


Еркін Ғалиев, Атырау қалалық тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы:

-Бұл әрине,бүгінгі таңда қаланың аумағы өсіп жатыр, әрине бұл жетіспейді, сол себепті соңғы кездері былтырдан бастап масаның көп болуына байланысты препараттар бүгінгі күнде де әртүрлі түрлері шығуына байланысты әрі қарай талдау жұмыстарын жүргізіп жатырмыз.

Келісім бойынша масаны айына бір-ақ рет улау керек болғанмен, мамандар қансорғыштың көптігіне байланысты күнде осы жұмыспен айналысып жатырмыз дейді. Алынған препараттың да түбі көрінер күн алыс емес. Сондықтан, масаны тым қаптатпай, қаланы қалыпты жағдайда ұстап тұру үшін оларға жергілікті әкімдіктен тағы бірнеше миллион теңге сұрауға тура келмек.