Атырауда мектеп оқушылары мен мұғалімнің улану себебі белгілі болды

«Оқушылардың бірінің мектептің 1-қабатындағы киімілгіш бөлмесіне газ баллонынан бүркуі салдарынан жоғарғы сыныптардың 21 оқушысы мен мектептің бір қызметкері аэрозольдық газға улану белгісімен ауруханаға жеткізілді. Зардап шеккендерге дер кезінде көмек көрсетілді, соның арқасында аталған мектептің бірде-бір оқушысы және қызметкері жансақтау бөліміне түскен жоқ. 22 қаңтардағы сағат 18:00-дегі жағдай бойынша 18 оқушы ауруханадан шығарылды. Үш оқушы әртүрлі шамалы шағыммен  дәрігерлердің қарауында қалдырылды», - деп хабарлады облыс әкімдігінің баспасөз қызметі.  

«Алдын ала мәліметтер бойынша, оқушылардың бірі бұзақылықпен емес, әуестікпен газ баллонын бүріккенін мойнына алды», деп хабарлады Атырау қаласы білім бөлімінің жетекшісі Нұрсәуле Сайлауова.

Атырау облысының әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов зардап шеккендердің хал-жағдайын біліп, жауапты органдарға өңір оқушыларының арасында мұндай оқиғаға жол бермеу мақсатында алдын алу жұмыстарын жүргізуді тапсырды.


Еске сала кетейік, күндізгі сағат бірдің шамасында Атырау қаласы маңындағы Жұмыскер кентіндегі И.Тайманов атындағы мектептің 21 оқушысы мен бір қызметкері аэрозоль газына улануы белгілерімен ауруханаға түскен болатын.