Атырауда мұз сарайының құрылысы басталды

Нысанның құны 1,4 млрд теңгеге бағаланып отыр. Мұз айдынының жобасы алматы жобалаушыларымен дайындалған.

Мұз айдынының жалпы көлемі 6 мың шаршы метрді құрайтын болады. Ғимараттың негізгі бөлігінде ауқымы 61 де 30 шаршы метрге жететін 800 көрерменге арналған зал және мұз айдыны орналасады.

"Қосымша бөліктер спортсмендер мен көрермендерге қызмет көрсету бөлмелерінен құралады. Онда киім-ауыстыру, шайыну бөлмелері, медициналық, баптаушылар, қазылар бөлмелері салынады. Сонымен қатар, ғимараттың бірінші және екінші қабатында фойелер, 40 орынға лайықты асхана, бильярдтық зал жұмыс істейтін болады ", - деп хабарлады облыстық құрылыс департаментінде.

Бүгінде инженерлік желілер тартылып, жер қазу жұмыстары жүргізілуде. Нысан алдағы жылы пайдаланылуға беріледі деп жоспарлануда.