Атырауда өтемақыға келіспеген жүздеген отбасы көшуден бас тартты

Бұлар – Атырау мұнай өңдеу зауытына жақын орналасқан Перетаска ауылының тұрғындары. Зауыт өзінің санитарлық қорғау аймағын белгілеген уақыттан бастап, мұндағы халықтың дегбірі қашқан. Әсіресе, соңғы үш жыл бойы зауыт басшылығы «әне-міне көшесіңдер» деп көпшілікті әуре-сарсаңға салып қойған. Соның кесірінен, мұндағы халық егін де екпеген, үйлеріне жөндеу де жүргізбеген. Ал ең сорақысы – зауыт басшылығының өтемақы ретінде ұсынған ақшасы үй алуға жетпейді дейді олар.

Жеміс Сәлімжанова, Перетаска ауылының тұрғыны:

-10 жыл болған үйіміз қосалқы құрылыстар бар. 200-дің үстінде талымыз бар, оның бәрін есептегенде ештеңе ала алмайсың қазір.  Қаланың ішінде де жаман бұзылып жатқан үйлер, шарбағы құттақандай 4 сотық жермен 100-120 мың  доллар сұрап отыр. Ал біздің үйімізге беріп отырғаны 14 миллион теңге.

Александр Гущин, Перетаска ауылының тұрғыны:

-Жергілікті тұрғындар тәуелсіз бағалаушыларды жалдауға мәжбүр болды. Олар үйіміздің құнын шығарып берді. Сөйтсек, баспанамыз тым төмен бағаланыпты.

Зауыт өкілдерінің сөзіне сенсек, қауіпті аймақтан халықты көшіру мәселесін жергілікті әкімдік көтерген. Тіпті осы бағытта жұмысты бастап, бірақ, аяқсыз қалдырған. Ақырында, болашақта зауыт ішінен бірнеше алып кешен іске қосылса, жақын маңдағы халыққа зияны тиеді деген оймен, басшылық бұл мәселені өздерінше шешпек болыпты. Бірақ қала билігінің  аяқтамаған жұмысын мойнымызға аламыз деп, басымыз бәлеге қалды дейді.

Асқар Рахманов, Атырау мұнай өңдеу зауытының заңгері:

-Бұл жерде зауыттың орнында мемлекет болса, белгілі бір уақыт беріп, баспананың ақшасын берер еді. Ал тұрғын ол қаржымен келіспесе сотқа береді. Ал бұл жерде менің ондай құқығым жоқ. Мен тек азаматтық- құқықтық келісім-шарт шеңберінде ғана әрекет ете аламын. Не де болса, бағасын сот анықтасын. 15 миллион теңге деп шешім шығарып берсе, соны төлеймін.

Зауыт өкілдері халықтың қарсылығына қарамастан, олардың алдағы уақытта көшірілетіндігін нықтап айтты. Ал тұрғындар болса баспана үшін ғана емес, тал-терегіміз бен қора-қопсымызға да қаражат төлемесе, қозғалмаймыз деп отыр.

Loading...