Атырауда пара алған полиция капитаны сотталды

Бұл туралы Атырау қаласының №2 сотының баспасөз қызметінен хабарлады.

Тергеу дерегіне сәйкес, сотталып шыққан О.С. есімді азамат әкімшілік құқық бұзушылық жасағандықтан, оған әкімшілік қадағалау орнату туралы ұсыныс құжаттарын полиция капитаны М.С. Атырау қаласының №2 сотына жолдаған. Кейін, ұсыныста кейбір құжаттардың жетіспегені анықталып, №2 қалалық полиция бөлімінің бастығы атынан сотқа ұсынысты қайтару туралы хат жолданады. Сот ұсынысты қараусыз қалдырған.

Ұсыныстың қараусыз қалдырылғанын біле тұра, полиция капитаны сотталғанмен кездесіп, алдағы уақытта әкімшілік қадағалау орнату туралы ұсынысты кері сотқа жолдамайтынын, алдағы уақытта қамқоршылық жасап жүретінін айтып, 190 000 теңге ақшаны пара ретінде алған.

Сот тергеуінде анықталғандай, куә - пара беруші О.С. Атырау облысы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес қызметіне шағым келтірген. Аталған қызмет органдары  жүргізген іс-шаралар барысында учаскелік полицей құрықталды.


Сот үкімімен полиция капитаны кінәлі деп танылып, сот залында қамауға алынды.Сот оны полиция капитаны арнаулы шенінен айыра отырып, 3 жыл мерзімге бас бостандығынан айырды.

Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.