Атырауда құлаған жатақхананың тұрғындары жаңа үйге көшуден бас тартты

Мына жандар бір сәтке табиғат аясына демалуға шыққан адамдар секілді көрінуі мүмкін. Шындығында бұларосыдан екі апта бұрын құлаған жатақхананың тұрғындары. Әкімдік ұсынған пәтерлері бола тұра, 5 күннен бері далада қонып жүр. Айтуларынша, берілген баспананың көлемі көңілдерінен шықпаған.

Сақыпжамал Ботабаева, Атырау қаласының тұрғыны:

-Әкім сөйлегенде айтты ғой, жастарға арналған деп. Ішіне барып көрдік, тек немереміз екеуіміз сыямыз. Ешқандай зат сыймайды. Сондықтан да бізге өзіміз сыятын, дұрыс кәдімгі елдің тұрып жатқан үйі керек бізге. Ондай жатақханада тұрғымыз келмейді.

Бір бөлмелі пәтерді азсынғандарды әкімдік сабырға шақырып отыр. Кезегі келгенде бұл 15 отбасы тиесілі 2-3 бөлмелерін алады деп сендірді қала басшысы.

Нұрлыбек Ожаев, Атырау қаласының әкімі:

- Пәтер кезегінен алып тастайды деген түсінік қалыптаспау керек. Бұл құқықтары сақталады. Бұл жер жекешелендірілмейді, бір бөлмелі үйді тапсырады, есесіне кезегі келгенде тиісті 2-3 бөлмелі үйлерін алады. Сондықтан реніштері менің ойымша, орынсыз деп.

Сондықтан жұрт әзірге осы берілген баспананы қанағат тұтуы керек екен. Естеріңізге салсақ, осыдан екі апта бұрын қаладағы 95 пәтерлік жатақхананың бір подъезі опырылып түскен болатын.


Салынғанына 40  жылдан асса да дұрыс жөндеу көрмеген нысан бірнеше жылдан бері апаттылар тізіміне енгізілген екен. Бірақ тұрғындары сол күйі түгел көшіріліп үлгермепті.

Жаңа берілген баспана осы. Жетімдер мен ауған соғысы ардагерлеріне арналып салынған бұл үйдегі бір бөлмелі пәтерлердің жалпы көлемі  - 35  шаршы метр. Бірақ, жұрттың бұған көңілі толып отырған жоқ. Енді әкімдік те ашуға мініп, егер 15 отбасы қарсылықтарын тоқтатпаса, құқық қорғау орындары арқылы оларды әкімшілік жауапкершілікке тартатындықтарын ескертті.

Loading...