Денсаулық сақтау министрлігінің хабарлауынша, хиджаманы сәбилерге лицензиясы жоқ медициналық орталықтың мейірбикесі жасаған, деп хабарлайды Caravan.kz.
Қоғамды дүр сілкіндірген шулы оқиғаға қатысты Денсаулық сақтау министрлігі өкілдері ресми пікір білдірді.
«Аталған видео бойынша Атырау облысы прокуратурасының талабымен тексеру жүргізілді. Қазіргі таңда тексеру жұмыстары аяқталды. Оның қорытындысы бойынша заңсыз медициналық қызмет көрсетілгендігі анықталды.
Хиджама әдісін өз мекемесіне лицензиясы жоқ мейірбике жасаған. Онда тіпті клиникалық қызмет көрсетуде талап етілетін сертификат та болмаған», - дейді ДСМ өкілдері.
Сонымен қатар, құзырлы ведомство өкілдері тексеру нәтижесінде аталған мекемеге айыппұл салынғандығын мәлімдеді.
Айта кетейік, желіде Атырау облысындағы хиджама орталықтарының бірінде жаңа туған сәбилерге хиджама жасаған видео тараған еді. Кейін медициналық орталықтың иесі анықталып, желі қолданушылары оны аталған әрекеті үшін сынаған болатын.