Атырауда "Таблиғи Жамағат" идеясын насихаттаған" алты адам сотталды

Қалалық №2 соттың мәліметінше, Алматы, Атырау және Шығыс Қазақстан облыстарының алты тұрғыны 2016 жылы Маңғыстау және Алматы облыстарында, одан бұрынырақта Алматыда "Таблиғи Жамағат" ұйымының идеяларын таратты деп айыпталған. Сот материалдары бойынша, сотталушылар осы ұйымның Үндістан, Пәкістан және Бангладештегі оқу орталықтарында білім алған.

"Ұйымның ең белсенді мүшесіне үш жыл, қалған бесеуіне екі жылдан жаза кесілді" деп хабарлады соттың баспасөз қызметі. Сот шешімімен оларға екі жылдан үш жылға дейін діни қызметпен айналысуына тыйым салынды. Сотталушылар жазасын жалпы режимдегі колонияда өтемек.

Сот айыпталушылар ұсталған кезде олардан орыс және қырғыз тілдеріндегі тыйым салынған кітаптар табылғанын ғана хабарлап, аты-жөндерін айтпады.


Қазақстанда "Таблиғи Жамағат" ұйымы 2013 жылы экстремистік деп танылып, қызметіне тыйым салынған. Биліктің ұйғарымынша, "Таблиғи Жамағат" Орталық Азияда ислам халифатын құруды көздейді.

Қазақстанда 2013 жылдан бері бұл ұйымның қызметіне араласты деген айыппен ондаған адам сотталды.