Атырауда тергеу изоляторына заңсыз сәлемдеме өткізбек болғандар жазаланды

Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы ҚазАқпарат-қа сілтеме жасап хабарлайды. 

Атырау облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің баспасөз қызметінің мәліметінше, УГ-157/1 (тергеу изоляторы) мекемесіне өткізбек болған заңсыз сәлемдемелерден ұялы телефон мен интернет модем, дәрілік заттар алынған.

«Мәселен, қаңтарда 38 жастағы қала тұрғыны тергеу изоляторында ұрлық жасағаны үшін сотқа дейін ұсталып отырған танысына 3 ұялы телефон, 2 дана құлаққап пен интернет модем бермек болған.

Сондай-ақ, 23 жастағы жігіт те тергеу изоляторында отырған досына 4 ұялы телефонды азық-түліктің ішіне жасырып, өткізбек болған. Ал, ақпанда 55-жастағы әйел «Трамадол» дәрісіні тамақтың ішіне тығып өткізбек болған жерінен ұсталды», - дейді күзет және режим бөлімінің бастығы Асылбек Рахманов.

Оның айтуынша, Атырау қалалық мамандандырылған әкімшілік сотының қаулысымен түрмеге заңсыз сәлемдеме әкелгендерге ескерту, айыппұл салу түріндегі жаза қолданылған.


Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атыраудың тұрғыны тергеу изоляторына 4 телефон өткізбек болған еді.