Оқиға мына жерде болды. Ойын қуған Әділет қасындағы достарының айтуымен қауіпті жерге кіріп, сатымен жоғарыға шыққан. Төмен түсіп келе жатқанда, аяғы тайып кетіп, жоғары кернеулі тоқты қармап қалыпты. Сол жерде ес-түссіз жатқан баланы жақын маңда өтіп бара жатқан адамдар көріп, жедел жәрдем шақырған.
Әділет Құрманғалиев:
-Үстім өртеніп жатқан менің, сосын менің аузымнан көпірік шығып жатқан, тоққа қатты тартылып қалғанмын ғой мен, сосын деген үстіме топырақ шашқан ағам мен апа.
Дәрігерлер алдағы күндері Әділетке төртінші рет операция жасайды. Шынтаққа дейін кесілген екінші қолын енді иығына дейін алып тастамақшы.
Сергей Хван, травматолог-дәрігер:
-Енді бала мүгедек болып қалады. Оған протез жасаймыз. Тағы да операция жасау керек.
Баласы мүгедек болып қалған жалғызбасты ана енді трансформаторға иелік ететін «Атырау Жарық» мекемесінің басшылары жазалансын деп отыр. Сотқа арызын беріп қойған.
Жаңылсын Қоспанова, Әділеттің анасы:
-Оларда да бала жоқ па не? 19 сәуірден бері жатырмыз. Сұраған да жоқ. Жалғызбасты анамын. Жолдасым қайтқан, үйді асырап отырған адаммын ғой. Заңды түрде тиісті шараларын қолдансын деймін.
Бірақ «Атырау Жарық» басшылары өздеріне шаң жуытар емес. Айтуларынша, трансформатор есігі жабық болған. Оны балалар бұзып ашты дегенге саяды жауаптары. Дегенмен ем-домына қаржылай көмек көрсетуге уәде етіп отыр.
Айбар Рахманов, «Атырау Жарық» АҚ президенті:
-Балаға мен де, басқа мамандар да барды. Осында жұмыс жасайтын 1500 адам бәріміз уайымдап отырмыз. Тіпті мұндай болады деп ойлаған жоқпыз. Дәрігерлер де, анасы да қандай көмек керек талап етсе, соның бәрін жасаймыз.
Қазір құзырлы орындар бұл оқиғаға қатысты тексеруді бастап кеткен. Мән-жай анықталған соң, кінәлілер жауапқа тартылады. Қазірдің өзінде тиісті мекемеге кемшілікі жою тапсырылыпты. Жалпы Атыраудағы 79 шағын электр станциясының тек 19-ы ғана толық қауіпсіз екен. Яғни қалғандарынан әлі де қатер күтуге болады.