Атырауда тұрғындар өздері салған үйге кіре алмай жүр

Әуежайға жақын орналасқан  «Нұрсая-3» ықшамауданынан жер телімі берілгенде жүзге жуық атыраулық қатты қуанған . Алды 14 жылдан бері кезекте тұрғандардың көпшілігі бірі қолдағы қаржысына, енді бірі банктен несие алып, баспана тұрғызыпты. Бірақ дайын үйге кіру қазір мүмкін болмай тұр.

Балсұлу Әбденова, Атырау қаласының тұрғыны:

-Көбіміз жалдап жүрміз. Енді мына жерден үй салып қойдық, бізге ешқандай су, жарық, газ деген ештеңе берілмей тұр. Себебі, әуежайдан рұқсат жоқ дейді. Рұқсат жоқ болса, әуелде жерді неге береді? Ол дейтін архитектура, әкімдік  бар, осылардың шешімімен келісімді шарт арқылы беріліп отыр ғой.

Жағдай осылай шиеленіскеннен кейін өзге жұрт мұнда баспана салудан амалсыз бас тартқан. Енді олар берілген жер телімінен айрылып қаламыз ба деп алаңдап отыр. Ал үй тұрғызғандар «бұл сонда босқа шығынға батқанымыз ба» дейді.

Оксана Дәурешева, Атырау қаласның тұрғыны:


- Екі жылдың ішінде салмасаңдар тартып аламыз деген жерді. Сондықтан біз амал жоқтан несие  алдық, қарыздандық, үй салдық.

Жергілікті шенеуніктер болса, жер телімдерінің заңды берілгенін, тіпті кезінде Атырау әуежайы басшыларының рұқсаты да болғанын айтады. Бірақ кейін олар ешқандай түсіндірместен шешімдерін өзгерткен. Енді атқамінерлер жұртқа тағы күте тұрудан басқа амал жоқ деп отыр.

Данияр Бодаубай, Атырау қалалық құрылыс және сәулет бөлімінің басшысы:

- Халықтың күткеннен басқа амалы жоқ. Жақында көлік прокуратурасы шешімін шығаруы тиіс. Содан соң бәрі белгілі болады.

Атыраудың Көлік прокуратурасының да, әуежайының да басшылары ешқандай түсінік бергілері жоқ. Ал үй салып бір, пәтер жалдап екі шығынға батқан тұрғындар жағдай жуықта шешілмесе жоғары жақтың назарын аударту үшін бәріне барамыз деп бекініп отыр.