Атырауда жалақы алмаған құрылысшылар шу шығарды

Бұл мемлекеттік бағдарлама бойынша салынып жатқан үйлер. Шаруаның көбі бітіп, әрлеу жұмыстары ғана қалған. Бүгін сонымен айналысып жатқан құрылысшылар жұмысқа шыққан жоқ. Өйткені 6 айдан бері көк тиын көрмеген. Мердігердің қарызы қазірдің өзінде 35 млн теңгеден асыпты.

Жәния Саттарова, жұмысшы:

-Мен күніне мына кісінің берекетін алам, менің артымда қаншама жұмысшы отыр. Мен жағдайым жақсы болғандықтан кірген жоқпын бұл құрылысқа. 

Жағдайды түсіндірмек болып, құрылыс басына келген қалалық әкімдік өкілін жұмысшылар жеп қоя жаздады. Бірақ, бар кінәні мердігерге үйіп-төкті шенеунік. Айтуынша, әкімдік қаражатты кешіктірмей төлеп отыр.

Батыржан Мұсатаев, Атырау қалалық құрылыс бөлімінің басшысы:

-Бұлар 200 млнға атқарған жұмысының құжаттарын әкеліп отыр. Ішінде жасалмаған жұмыстар бар. Атқарған жұмыстары жайында әкелсін құжатты, төлейміз.

Ал мердігер компания басшысының уәжі мүлде бөлек. Құжаттарын, ақша төлеуді өтініп әкімдікке жазған хаттарын қаттап қойыпты. Жергілікті билік бұларға 400 миллион теңгедей берешек екен.


Атанас Минков, «Амантас» ЖШС директоры:

-Қиыншылықтарға қарамастан шілде айына дейін жұмысты тоқтатқан жоқпын. Құрылыс материалдарын қарызға алдым. Қазір сол үшін 130 миллион теңге қарызбын. Қалалық құрылыс бөліміне мамыр айында 210 млн,  маусым айында 137 млн теңгенің жұмысын істеген құжат тапсырдық. Олар 5-і, 10-ы, 15 -і төлейміз деп уақытты созып жүр.

Мына көпқабатты үйлер қыркүйекте Қазақстан мен Ресей басшыларының қатысуымен болатын форум кезінде салтанатты түрде табысталуы тиіс. Бірақ екі ортадағы келіспеушіліктің кесірінен мұның кейінге шегерілетін түрі бар. Ал жұмысшылар қолымызға ақша тимесе, қимылдамаймыз деп отыр.