Атырауда жеке меншік авто жанармай құю бекеттерінде жанар-жағармайға қатысты айла-шарғылар анықталды

Баспасөз қызметінің ақпаратына сәйкес, автокөлік иелеріне жанармайды толық құймай, "үнемделген тауарды" сату есебінен кәсіпорын директоры қосымша пайда тапқан. Осыған байланысты ҚР Қылмыстық кодексінің 223-бабы (тұтынушыны ірі көлемде алдау") бойынша қылмыстық іс қозғалды.

"Жанар-жағармай сататын жеке меншік кәсіпорынның атыраулық филиалының директоры қарамағындағыларға жанар-жағармай станциясындағы отын таратушы колонка аппаратурасының нормативтік стандарт талаптарына сәйкес білгеленген көрсеткіштерін өзгертуге нұсқау берген. Жалпы алғанда бұл ЖШС-інде Атырау қаласы бойынша 17 жанармай тарату станциясы бар. Нәтижесінде, тұтынушыларға сатылған әрбір 20 литр жанар-жағармайдан шамамен әрбір отын түрі бойынша 120-200 грамм жанармай кем құйылып отырған", -делінген хабарламада.

Бұл деректі құқық қорғау органдары "Ұлттық сараптама және сетификаттау орталығы" АҚ-ның Атырау филиалының мамандарын тарта отырып жүргізген шұғыл тергеу шаралары барысында жанармай тарату станцияларында бақылау өлшеулерін жүргізген кезде әшкереленді. Мамандар отынның кем құйылып келгенін растады.

ҰҚКД анықтағанындай, "осындай айла-шарғылардың көмегімен филиал басшысы ай сайын әрбір отын түрінен 4 - 6 тонна үнемдеп, оны әріқарай қолма-қол ақшаға сатып отырған". Сонымен бірге, шамамен 6 тонна АИ-93 маркалы жанармайды тиісті құжаттарсыз Атырау облысындағы бір жеке меншік жанармай тарату станциясына жіберу дерегі анықталып, құжат бетіне түсірілді.