Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы kazinform.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Облыстық жедел штабтың мәліметіне сүйенсек, Атырауға еліміздің үш облысынан 195 техника жұмылдырылған.
«Су тасқынына қарсы дайындық жұмыстарын жеделдету үшін өзге өңірлерден арнайы техникалар жеткізілді. Мәселен, Түркістан облысынан 123, Жамбыл өңірінен 55, ал, көршілес Маңғыстаудан 17 арнайы техника бөгет салу жұмысына тартылды», - деп хабарлады жедел штабтан.
Жайық өзенінің жағалауында орналасқан елді мекеннің бірі – Алмалы ауылдық округі. Бұрын Махамбет ауданына қарайтын еді. Кейінгі жылдары Атырау қаласының әкімшілік бөлінісіне ауыстырылды. Алмалы ауылдық округінің әкімі Гүлшат Аухадиеваның айтуынша, округ аумағында екі ауыл, 8 саяжай бар. Алмалы ауылында 8,6, ал, Береке ауылында 10,4 шақырымдық бөгет салу қолға алынған.
«Бөгет тұрғызу аяқталғаннан кейін, оны биіктету жалғаса береді. Қазір Алмалыда бөгеттің дені салынып, 200 метрдей бөлігі қалды. Ал, Берекеде әлі 5,6 шақырымын салу қажет. Бұл жұмыс ауыл тұрғындарының, спорт, мәдениет, төтенше жағдайлар саласы мамандары, мен әскерилердің күшімен атқарылып жатыр. Топырақ тасу жұмыстарына Түркістан, Жамбыл облыстарынан жеткізілген көліктер тартылды», - дейді Гүлшат Аухадиева.
Бұл округте Жайық өзеніне 350 метр бонн қолданылған. Төтенше жағдайлар саласы мамандарының түсіндіруінше, бонн – су айдынына төгілген мұнай өнімдерін жинауға қолданылатын құрылғы. Бұл су ағысының ағынын баяулатуға ықпал етеді. Тағы бір айтатын жайт, құм толтырылған қапшықтардың төзімділігін арттыру үшін көлік тегершіктері қолданылып жатыр. Алмалы ауылының тұрғыны Дүйсенбай Саиханов су тасқыны қаупін үш рет көрген.
«Осы ауылда туып-өстім. Алғаш рет су тасқыны қаупін 6 жасымда 1970 жылы көрдім. Кейін 1993 жылы Жайық өзені арнасынан асып, ауылымыз су ортасында қалды. Мұндай қауіп 2005 жылы да төнді. Соның бәрінен аман өтіп келеміз. Көмекке еліміздің бар өңірі жұмылғаннан кейін су тасқынынан аман өтетінімізге сенемін», - дейді Дүйсенбай Салиханов.
Еске сала кетелік, Мәжіліс депутаты Әділ Жұбанов халықты су тасқынынан қорғай алмауға өзінің де кінәсі бар екенін айтқан еді.