Caravan Logo

Атыраулық әйел депутат күйеуінен 12 жыл зәбір көріп келгенін айтты

Атыраулық әйел депутат күйеуінен 12 жыл зәбір көріп келгенін айтты

Атыраулық әйел депутат күйеуінен зәбір көріп келгенін егжей-тегжейлі жазып, мемлекет басшысынан көмек сұрады, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы.

Лугзана Байлауованың Facebook парақшасында әйелдің соққыға жығылған суреттері дәлел ретінде көрсетілген.

Нұржамал Тажғалиева 12 жыл Атырау облыстық мәслихатының депутаты Айбар Ерекешовтің әйелі болған. Олардың төрт баласы бар. Әйелдің айтуынша, осы уақыт ішінде күйеуінен зәбір көрген және жылдар бойы соққы жеп жүрген. Әсіресе 2018, 2023 жылдары Нұржамал баласы әлі емізулі болған кезінде күйеуінен “таяқ жеген” екен. 

"2018 жылы бала емізіп отырған кезімде басымды телефонмен жарып жібергенінде екі рет полицияға арыздандым. Мені үстімдегі көгерген жерлер көрінбейтіндей ұратын. Ал 2023 жылы өзінің 120 келі салмағымен үстіме отырды. Бірақ өзі және ата-анасы айтқаннан кейін полицияға жазған арызымды қайтарып алатынмын. Балалар үшін түзелемін дейтін. 2023 жылы Атырау облысының мәслихат депутаттығына сайланамын деп арызды қайтадан қайтартып алды. Барлық арызым сақталған", - дейді Нұржамал. 

Әйелдің айтуынша, Айбар Еркешов ажырасқаннан кейін де балаларына ешқандай көмек көрсетпеген. Тіпті қазіргі уақытта жеке сот орындаушысының қаулысына сәйкес 5 989 670 теңге көлемінде алименттік қарызы бар.

Зәбір көрушінің сөзінше, қазіргі уақытта күн көретін табысы жоқ. Кішкентай баласымен декреттік демалыста. Сондай-ақ бұрынғы күйеуі балаларын өзінің қамқорлығына алу үшін сотқа шағым түсірген. Одан бөлек депутат әйелдің өз қаржысына балалары үшін алған пәтерін алып қою ниеті бар екенін де айтты.

"Мәслихат депутаты Ерекешовтің атына тіркелген атыс қаруы бар, ол бұл үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылған, бұл жағдай менің және балаларымның қауіпсіздігіне қатер төндіреді. Облыстық мәслихат депутаты Ерекешов мен өз қаражатыммен сатып алған, бірақ оның бір тиын да салмаған пәтерлерге негізсіз иелік етпек", - дейді депутаттың бұрынғы әйелі. 

Бұдан бөлек хатта құқық қорғау органдары Еркешовты қорғап отыр деген ақпарат та бар. Әйелді қорғаудың орнына, бұрынғы күйеуін мазалауын шектейтін бұйрық шығарған.