«Бұл жайт кездейсоқ, біз халыққа қызмет көрсету орталықтарына жүгінген кезімізде белгілі болды. Куәлікке белгі салып, орталықта бізге қызмет көрсеткен қыз мұндай анықтама ала алмайтынымызды айтты, өйткені Александр Иванович Погадаев мәліметтер базасында 2001 жылдан қайтыс болғандар санатында болып шықты», - деп әңгімеледі ардагердің немересі Ольга Сбитнева.
Александр Погадаев облыста танымал адам. Ұлы Отан соғысының ардагері, ішкі істер қызметінің отставкадағы полковнигі. Ол сондай-ақ атыраулық ардагерлер хорының және «Фронтовичка» еңбек ардагерлері хорының белді мүшесі.
«Тағы бір қызығы, 2004 жылы атамыз жаңа жеке куәлік, шетелдік төлқұжат алды. Бірнеше рет шетелде демалды. 2013 жылы мемлекеттен пәтер алды. Тірілер тізімінде жоқ адамды қалай шетелге өткізген? Тіпті пәтерді рәсімдеуді айтпағанда, - дейді О.Сбитнева.
Ардагердің немересінің айтуынша, мұның қате екенін дәлелдеу оңайға түспей тұр. ХҚКО-да «күтіңдер, түзету енгіземіз», дегелі бір айдан асты.
Туыстары жақында 90 жасқа толатын ардагерге оның бұдан 13 жыл бұрын тірілер санатынан шығып қалғанын әлі айтпаған көрінеді.