Атыраулық полицейлер мейрамхана қызметкерлерімен жаға жыртысты

Мейрамхана иелерінің айтуынша, мұны полиция қызметкерлері әдейі ұйымдастырған. Яғни, мұнда кез-келген уақытта еш кедергісіз кіріп, ішіп-жеп, көңіл көтеріп, сосын ақша төлемес үшін. Себебі, қаладағы өзге де көңіл көтеру орындарында полицейлерге ақысыз қызмет көрсетіледі-мыс.

Татьяна Сергеева, мейрамхана әкімшісі:

- Ештеңе түсіндірместен алып кетті. Біз осы жерде жұмыс істейміз. Ғимарат үлкен. Адамдар көп келеді. Сондықтан бізге күйе жағып керегі не еді?

Ұсталған 8 қызметкер «полицияға қарсылық көрсетті» деген себеппен әрқайсысы 5 тәулікке қамауға алынған. Мейрамханада даяшы болып істейтін Ерлан сол оқиғаның қақ ортасында болыпты. Олполицияның қудалауынан қорқатындығын айтып, бет-әлпетін көрсетпеуді өтінді.

Ерлан, даяшы:

- Аттарын атаған жоқ, құжаттарын да көрсетпеді. Бір-бірімен тек лақап аттармен сөйлесті. Кешірім де сұрамады. Бұлар кіріп келгенде клиенттердің бәрі қашып кетті. Ақшаларын алып үлгере алмадым.

Ал Ішкі істер департаментіндегілердің уәжі басқа. Полицейлер ол жерге мейрамхана күзетшілерінен таяқ жеген келушілердің арызы негізінде барыпты.


Гүлнәзира  Мұхтарова, Атырау облыстық ІІД баспасөз қызметінің жетекшісі:

- Полиция қызметкерлері келген кезде олар аты-жөндерін атаудан бас тартты. Өздеріне тән емес қылық көрсетіп, біздің қызмерлерімізге тіл тигізді. Қазіргі кезде ұсталғандардың жеке бастары анықталып, олардың мейрамханада болған өзге де қылмыстарға қатысының бар-жоғы анықталып жатыр.

Ал мейрамхана басшылары шағымданған прокуратура қызметкерлері болса, осы оқиғаға орай қазір тексеру жұмыстарының жүріп жатқанын айтып, сұхбат беруден бас тартты.