Атыраулық волейболшы жігіттер барлық қарсыластарын ойсырата ұтты


Ақтық сынға дейін мәреге алаң қожайындарымен («Тараз-ТарМУ») қатар келген «Атырау-2» командасы кеше шешуші сында 3:1 есебімен басым түсіп, турнир кестесінде 21 ұпаймен бірінші орын алды. Олардан 2 ұпайы кем тараздықтар екінші орынды қанағат тұтты. Одан кейінгі орындарды 15 ұпаймен «Мұнайшы» (Ақтау), 12 ұпаймен «ТНК Қазхром-2» (Хромтау), 6 ұпаймен «Қостанай», 5 ұпаймен «Астана-Ұлан», 4 ұпаймен «Қорқыт Ата-ҚМУ» (Қызылорда), 3 ұпаймен «Шығыс ҚорғасынҚұрылыс-3» (Өскемен) өзара бөлісті. Көш басындағы екі команда қарсыластарына 2 партияда ғана есе жіберсе, ақтаулықтар - 8, хромтаулықтар - 9, қостанайлықтар мен астаналықтар - 17, қызылордалықтар мен өскемендіктер - 19 партияда жеңілістің ащы дәмін татты.