- Әкім бізден кешірім сұрап, 4 ай бізге уақыт беріңдер деді. Ал уақыт деген өтті ғой енді, қыс болып жатыр, не істейміз енді?
Бұл Сарыөзектегілерді арғы жағамен байланыстырып тұрған жалғыз өткел. Көпір деген аты ғана. Ауыл тұрғындары оған әлдеқашан өлім өткелі деп ат қойған. Аяғыңызды аңдап баспасаңыз мертігіп қалуыңыз әбден мүмкін. Ауыл балалары бұл жермен жалғыз өтпейді. Мектепке барып-қайтқанда оларды үнемі осылай жетектеп жүреді. Әйтпесе шұрық тесік көпірге сенім жоқ дейді ата-аналар. Бұл жағдайдан шенеуніктер хабардар. Тіпті, қазынадан қаржы да қарастырып қойыпты. Бақандай 4 миллион. Бірақ, құрылыс жұмыстарының қашан басталатыны әзірге белгісіз.