Атыс кезінде оққа ұшқан сарбаздың құрметіне ескерткіш тақта орнатылды

Ескерткіш тақтаның ашылу рәсіміне жақын-жұрағаттары, әріптестері мен ұстаздары жиналды. Руслан Жолдыбаев қаладағы №13 мектепті үздік бітіріп өмірінің соңына дейін білім ошағымен байланысын үзбеген екен. Қызмет бабында оққа ұшқан аға лейтенантқа бүгін мектеп қабырғасында ескерткіш орнатты.

Алтын Жолдыбаева, анасы: 

-Өзі кетсе де артында есімі ұмытылмай қалғанына қуаныштымыз. Мектеп оқушылары баламның осындай патриот болғанын, бірінші сыныптан, 11 сыныпқа дейін жақсы бітіргенін білсе. Осы мектепте әрі жолдасым да оқыған Русланның әкесі. Әрине ризамыз бәріне.

Осыдан екі жыл бұрын Шұбарши ауылында экстремистер бір өңірді түгел дүрліктірген еді. Бір апта бойы тоғыз адамнан тұратын топ өліспей беріспеуге бел байлап, тәртіп сақшыларымен атысты. Ақыры олардың көзі жойылып, 6 бірдей ішкі істер қызметкері оққа ұшқан болатын. Сол қанды оқиғаны ұмытқымыз келгенімен, қаза тапқандарды ешқашан естен шығармаймыз,- дейді әртіптестері.


Руслан Абдуллин, «Арлан» арнайы жасағының сарбазы:  

-Жалғыз Руслан емес бір емес, бірнеше достарымыз, бірнеше әріптестеріміз сол оқиғада көз жұмды. Бірақ бәріміздің есімізде. Мәңгілік ескерткіш еш уақытта ұмытпаймыз.

Шұбарши мен Кеңқияқ ауылдарында экстримистермен болған қарулы қақтығыста опат болған сарбаздарға арнап бұған дейін Темір ауданында ескерткіш орнатылған. Енді бұл бастама тәртіп сақшылары оқыған өзге білім ошақтарында да жалғасын таппақшы.