Алматы облысының әкімі Амандық Баталов 18 шілдедегі теракті кезінде қаза болған сержант Мақсат Сәлімбаевты жерлеу рәсімінде болды, деп хабарлайды BNews.kz тілшісі. Өңір басшысы қаза тапқандардың туыстары мен жақындарына көңіл айтты.
Жерлеу рәсімі Жамбыл ауданының Қарақыстақ ауылында болды. Сондай-ақ мұнда еске алу және аза тұту митингі өтті.
Өз сөзінде облыс әкімі А.Баталов марқұмның ерлігі Отанға деген адалдық пен патриотизмнің жарқын үлгісі болғанын атап өтті.
«Жас Мақсат тәуелсіз елінің тірегі, қорғаны еді, ол өз ерлігімен бейбіт тұрғындардың өмірін құтқарды. Мақсат секілді батырлардың есімі тәуелсіз еліміздің тарихында алтын әріптермен жазылары хақ», - деді облыс әкімі
Қарулы қақтығыстан кейін Елбасы барлық мемлекеттік органдарға, өңір басшыларына нақты тапсырма берген болатын. Мақсат Сәлімбаевтың отбасына Қарасай ауданындағы «Асыл Арман» тұрғын үй кешенінен екі бөлмелі пәтер бөлу туралы шешім қабылданды.+
«Әрине, бұл қазаның орнын толтырмайды, дегенмен өмір бір орнында тұрмайды, балаларына, жақындары мен туыстарына ұзақ өмір тілейміз», - деп толықтырды А.Баталов.
Естеріңізге сала кетейік, 18 шілдеде ҚР ІІМ басшысы Қалмұханбет Қасымов оқиғаның егжей-тегжейін айтып берді.
Атыс кезінде 3 полицей, 1 шекарашы және 1 тұрғын қаза тапты. 6 полицей мен 3 тұрғын жараланды. Кеше тағы бір полицей ауруханада көз жұмғаны хабарланды.