– Аппеляциялық сот алқасы тараптар мен прокурордың қорытындысын тыңдай келе аталған қаулыға өзгеріс енгізуді, осы іс бойынша жауапкершілігі шектелген серіктестікке тағылған айыппұлды жепістен 50 АЕК-ке төмендетіп, 92 мың 600 теңгеге өзгертуді ұйғарды.
Бұл – төрт айдан бері қоғамда дау тудырған «Аңыз адам» журналына қатысты кезекті сот отырысында шығарылған шешім. Онда бас редактордың жеке басына салынған айыппұл мен мүлікті тәркілеу туралы шешім сол күйінде қалды. Ал адвокаттар соттың бұл шешіміне де наразы.
Шынқуат Байжанов, адвокат:
- Бұл жерде керісінше, Жарылқап Қалыбай бүкіл халықтың ойын айтты. Яғни, біз жеке адам ретінде басқа елдің территориясын жаулап алғанды ешқашан да дұрыс деп санамаймыз.
Адвокат мұнымен тоқтап қалмай бас прокуратураға да шағымданатындарын айтты. Экстремизм белгілері бар деген желеумен екі рет сараптамадан өткен басылымда фашизмді насихаттайтын ешбір сөз жоқ дейді қорғаушылар.Ал, қоғамдық қорғаушылар «бұл жағдай ұлтаралық татулыққа сына қағады» деген пікірде.
Еркін Рақышев, режиссер:
- Аңыз адам журналына қатысты соттарға қатысып жүргелі бір нәрсеге көзім жетті. Бұл жай сот емес, саяси сот. Бұл журналды жабуға болмайды. Бұл қазаққа қажет журнал. Бұл біздің ата-бабаларымызды, батыр, хандарымызды, билерімізді, әлемдік деңгейдегі тұлғаларымызды халыққа дәріптейтін журнал.
Ал қаншама уақыт бойысот табалдырығын тоздыруға мәжбүр болған бас редактор судьяларға көңілі толмайтынын айтты.
Жарылқап Қалыбай, «Аңыз адам» журналының редакторы:
- Бұл барып тұрған әділетсіздік . Бізде сот билігі жоқ. Әділетті сот жоқ. Бұл тарихта қалатын оқиға болады. Ертең осы судьялар кешегі Алаш арыстарын соттап, жоқ жерден «жапон тыңшысы», «халық жауы» жасаған сияқты Жарылқап Қалыбайды да солай көрсетпекші.
Редактор әлдебір топтың журналды толық оқып шықпастан, ардагерлердің қолымен от көсегенін алға тартты. Жарылқап Қалыбай осы жолғы аппелляциялық алқа шешіміне наразылығын білдіріп, бекітілген айыппұлды төлемейтінін мәлімдеді. Ал 13 миллион теңге айыппұл төлеу туралы шешімге қатысты апеллациялық сот отырысы бейсенбіде өтеді.