Бұл туралы бүгiн «Бәйтерек» холдингiнiң қоғамдық кеңесiнiң отырысында ҚР Премьер-министрiнiң бiрiншi орынбасары Бақытжан Сағынтаев мәлiм еттi.
«Қазiргi уақытта Қазақстан бойынша, тұрғын-үй коммуналдық қорында 300 мың адам пәтер кезегiнде тұр. Олардың 130 мыңнан астамы - халықтың әлеуметтiк әлсiз топтары, 124 мыңы - бюджеттiк және мемлекеттiк қызметкерлер, 44 мыңы - жетiмдер. Бұл кезектiң саны ұлғайып келедi. «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында құрылыс компаниялары салған 29 мыңнан астам пәтер сатып алынбақ.
Арендалық пәтерлердiң 60 пайызы Алматы, Астана, Шымкент, Ақтөбе қалаларында және 40 пайызы - облыстық орталықтарда, моноқалаларда, ауылдық пунктерде орналасқан», - деп атап өттi ол.
Оның айтуынша, Елбасының тапсырмасына сәйкес, аймақтардың даму бағдарламаларына арендалық тұрғын үйлердiң құрылысы саласында тиiстi өзгерiстер енгiзiлдi.
«Бағдарлама бойынша, шағын пәтерлерге басымдық берiледi. Осылайша, бiр бөлмелi пәтер 33 шаршы метр, екi бөлмелi - 45 шаршы метр және үш бөлмелi пәтер - 62 шаршы метрдi құрайтын болады.
50 шаршы метрдi құрайтын кейiн сатып алу құқығы бар арендалық пәтерге ай сайын 56 мыңға тарта теңге, сатып алу құқығы жоқ арендалық пәтерге ай сайын 28 мың теңге шығады», - дедi бiрiншi вице-премьер.
Оның атап өткенiндей, пәтерлердi беру барысында көпбалалы және толық емес отбасыларға, мүгедек балалары бар жанұяларға, оралмандарға, мемлекеттiк және бюджеттiк мекеме қызметкерлерiне басымдық берiледi. Сонымен қатар, пәтерлердiң 50 пайызы үйленгендерiне 3 жылдан кем емес 35 жасқа дейiнгi жас отбасыларға үлестiрiледi.
«Үкiметте аймақтармен бiрге жергiлiктi деңгейде жер телiмдерiн бөлу, коммуникацияны жүргiзу, бағдарламаның орындалу барысы, үмiткерлердi таңдаудағы ашықтықты қамтамасыз ету бойынша бiз әрдайым селекторлық жиын өткiзiп отырамыз», - деп сөзін түйіндеді Б. Сағынтаев.