Әуезов театрының тағдыры: Жабық қоршаудың ар жағында не болып жатыр?

Caravan.kz медиа порталының тілшісі тарихи нысанға барып, осы сұраққа жауап іздеп көрді. 

Жұмыс күні болса да, биік қоршаудың ар жағынан белсенді құрылыс жұмыстарының жүріп жатқаны білінбейді. 

Қалай басталды? 

Қайта жаңғырту 2024 жылдың қарашасында басталды. Оны нысанның құжатынан көруге болады. Бас мердігер болып «BI Urban Construction» ЖШС таңдалған, бұл BI Group компаниясының еншілес құрылымы. Компания өкілдерінің айтуынша, негізгі белсенді жұмыстар 2025 жылдың желтоқсанына дейін жүргізілген. Қазіргі уақытта тек шатыр жұмыстары атқарылып жатыр.

2026 жылдың 6 қаңтарында журналист әрі блогер Полина Шиманская TikTok платформасында видео жариялап, театрдағы құрылыс тоқтап тұрғанын айтқан. Оның сөзінше, бас мердігер бір жылға жуық белсенді жұмыс жүргізбеген. Сондай-ақ ол жобаны толық жүзеге асыру үшін шамамен 45 миллиард теңге қажет екенін мәлімдеді. Кейін бұл видео желіден өшірілді. Десе де кейбір БАҚ ол видеоны сақтап қалыпты. 

8 қаңтарда Мәжіліс депутаты Сергей Пономарев Алматы қаласына жұмыс сапары барысында аталмыш мәселеге қатысты журналистерге пікір білдірді. Оның айтуынша, қазіргі тарихи нысанның күйі көңіл көншітпейді.

«Бұл нысанды салуға BI Group компаниясы өз қаражаты есебінен 7 миллиард теңге инвестиция салған, өкінішке орай мәдениет министрлігі бұған қаражат бөлмеген. Астанаға барған соң бұл сұрақты көтеретін боламын. Бұл нысанның жөндеу жүмыстарына 45 млрд теңге қарастырылған, бұл өте қомақты қаражат», - дейді депутат Сергей Пономарев. 

Дәл сол жарияланған видеодан тағы бір жайтты байқадық. Барлық ресми мәлімдемелерде құрылыс жұмыстарының жалғасып жатқаны айтылып жатыр, десе де, осы қайта жөндеу жұмыстарына жауапты Бақдәулет Қайдаров өз жауабында құрылыстың тоқтап тұрғанын, қазір келіссөздер жүріп жатқанын айтты. Сондай-ақ ол уәде етілген мерзімге үлгеретіндеріне сенімсіздікпен қарайды. 

2025 жылдың қараша айында саясаттанушы әрі қоғам белсендісі Санжар Бокаев театрға қатысты арнайы видео жариялаған болатын. Ол өз сөзінде жобаның болжамды құны 80 миллиард теңге болуы мүмкін екенін айтты. Сонымен қатар, ірі мемлекеттік жобаларды, оның пікірінше, «монополист» саналатын BI Group компаниясы ұтып алып, кейін оларды өз еншілес ұйымдары арасында бөлетінін мәлімдеді.

2025 жылдың қарашасында қоғам белсендісі түсірген кадрларда нысанда белсенді құрылыс жұмыстары байқалмайды.

Бүгін редакциямызға театрдың қазіргі күйін анық көрсететін эксклюзивті бейнематериалдар келіп түсті. 

Кадрларды салыстырсақ, арада бірнеше ай өтсе де айтарлықтай өзгеріс болмағаны көрінеді. Қызу құрылыс жүріп жатқан жоқ. Ғимараттың шатырында 3-4 адамның жүргені байқалады, алайда олардың нақты қандай жұмыс атқарып жатқаны түсініксіз.

Осы уақыт ішінде Алматы тұрғындары, қоғам белсенділері мен журналистер тарапынан театрдың тағдырына алаңдаушылық артты. Халық құрылыс жұмыстарының тоқтап қалғанын алға тартқан. Кейін 9 қаңтарда Мәдениет және ақпарат министрлігі М. Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрын қайта жаңғырту жұмыстарының тоқтап қалғаны туралы ақпаратқа қатысты ресми түсініктеме берді. 

«Нысанды қайта жаңғырту жұмыстары тоқтатылған жоқ. Қазіргі уақытта жоба жаңа қаржы жылының басталуын күтуде, содан кейін белгіленген тәртіпке сәйкес жұмыстарды жалғастыру үшін қажетті қаражат бөлінеді.

Нысандағы жөндеу жұмыстары уәкілетті мемлекеттік органдардың тұрақты бақылауында. М. Әуезов атындағы театрды қайта жаңғырту оның тарихи және мәдени құндылығын сақтауға қойылатын барлық талаптарды сақтай отырып, толық аяқталатын болады», - делінген ресми хабарламада. 

Ресми мәлімдемеге қарасақ, қайта жөндеу жұмыстары тоқтамаған. Бірақ бүгінгі жағдайға қарасақ, белсенді жұмыс жүріп жатқан жоқ. Сол былтыр қарашадағы қалпында тұрған сияқты. Сондықтан бұл маңызды тарихи нысан ертең ұзаққа созылған құрылысқа айналып кетпей ме деген күмән күшейіп жатқаны орынды. 

Нысан құжаты бойынша құрылыс жұмыстары 2026 жылдың қарашасында аяқталуы тиіс.

Қаржы мәселесі неге құпия?

Жоба басталғалы бері оның нақты құны қоғам үшін жабық күйінде қалып отыр.

Мемлекеттік сатып алулар порталында бұл қайта жөндеу жұмыстарына қатысты ашық тендерлер жарияланбаған. Театр басшылығы келісімшарт Үкімет шешімімен «бір көзден алу» тәсілі арқылы жасалғанын түсіндірді. Себеп ретінде нысанның технологиялық күрделілігі, мәдени маңыздылығы және іске асыру мерзімінің шектеулігі көрсетілген.

Министрлік ресми сауалға жауап бере отырып, қаржыландыру көлемі туралы ақпаратты жариялау мүмкін емес екенін мәлімдеді. Себебі бұл деректер «Қызметтік пайдалану үшін» және/немесе «Құпия» деген белгімен рәсімделген.

Реконструкция аясында не өзгереді?

Мәдениет және ақпарат министрлігінің мәліметінше, жоба аясында:

Ғимарат ішіндегі мәрмәр жабындар 1980 жылы құрылыс кезінде қолданылған тикелиндік мәрмәрдің ұқсас түрімен алмастырылады. Бұл тарихи келбетті сақтау мақсатында жасалатыны айтылған.

100 жылдық мерейтой қарсаңында

Құрылыс жұмыстарын мерейтойға дейін аяқтау жоспарланған. Алайда нысандағы қазіргі көрініске қарап, бұл мерзімге үлгеру-үлгермеу мәселесі ашық күйінде қалып отыр. Оны уақыт көрсетеді.