Әуезов театрының баспасөз қызметі актер жесірінің жағдайына қатысты түсініктеме берді

Осыдан төрт жыл бұрын жұмбақ жағдайда көз жұмған актер Шалқар Үркімбаевтың жесіріне қатысты М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының баспасөз қызметі медиа порталымызға хабарласып, түсініктеме берді деп хабарлайды Caravan.kz тілшісі.

Түсініктеменің толық мәтіні мынадай:

"Театрдың талантты актері Шалқар Үркімбаевтың өмірден өткеніне де төртінші жылдың жүзі болды. Орда бұзар отызына да ілініп үлгермеген отты жігіт шығармашылықтың қазанында қайнап, нағыз шабытты шалқар шағына аяқ басқанда жұлдызы сөнді. Марқұмның Мәдениет министрлігінің жатақханасындағы театрға тиесілі бөлмелерінің бірінде тұратын отбасысының басына түскен қиын жағдайын түсініп, театр өз тарапынан күні бүгінге дейін барынша қарайласып, көмектесіп келеді. Дегенмен, театр – мемлекеттік мекеме. Мемлекеттік мекеме ұйымдық-құқықтық нысандағы заңды тұлға болып табылатындықтан, кез келген мәселеде заңға бағына, барлық еңбек тәртібі мен іс-әрекетін заң шеңберінде жүзеге асыратыны мәлім. Бүгінгі таңда театрдың шығармашылық құрамының 60 пайызы жастардан тұрады және олар үшін баспана мәселесі түйіні тарқатылмай келе жатқан күрделі әлеуметтік мәселе болып келеді. Жыл сайын талантты жастармен толығып отыратын театр ұжымында баспаналары болмаған соң пәтерден пәтерге көшіп, жағдайсыз жүрген отбасылы, сондай-ақ жеке басты актер мен актрисалар жетерлік. Театр өз репертуарының негізгі жүгін көтеріп отырған сол талантты жастардың жағдайын ойлап, жанашырлық танытып, оларға көмектесуді басты міндеттерінің бірі ретінде санайды. Осындай себептерге байланысты театр басшылығы Ақсанаға жатақханадағы бөлмені босату туралы осыдан бір жыл бұрын ескерткен болатын. Ол бөлмені театрдың үйсіз-күйсіз жүрген үш-төрт актеріне беру жоспары бар. Бұл олардың шығармашылықпен алаңсыз айналысуына мүмкіндік тудыратыны әрі мұның еңбек сапасына игі әсері болатыны хақ. Ал, қай кезде де өзекті болған баспана мәселесін байыпты шешу үшін Ақсана Үркімбаева қалалық әкімшілікке өтініш жазып, өзге де тетіктері мен жолдарын қарастырғаны жөн болар деп ойлаймыз".


Еске салайық, осыған дейін актердің жесірі далада қалуы мүмкін екенін айтқан болатынбыз.