Әуезовтіктер өндірістік қалдықтарына арналған полигонның салынуына қарсы

Ауыл тұрғындарының осылайша аттан салудан басқа амалы қалмаған. Құрамында мышьяк пен мырышы бар өндірістік қалдықтарды Өскеменнен әкеп ауылдың іргесіне көметінін естіген жұрт бүгін еріксіз бас көтерді.

Күлзада Рәбиева, Әуезов ауылының тұрғыны:

- Бұлар бала-шағаның бәрін өлтірейін дегені ме? Бізді қырық жыл полигон қинады ғой. Жарты халық ауру, жартысы мүгедек, балалардың бәрі ауру. Міне, бүкіл халық қарсы. Егер де сіздер көмектесе алмасаңыздар, біз ары қарай барамыз!

Жиналғандарға басу айтуға келген жергілікті әкімге жұрт дүрсе қоя берді. Айтуыларынша, олар полигонның осында салынатынын сыртағы біреуден естіпті. Ал бұған қатысты кезекті жиынның шалғайдағы аудан орталығында өтетіні белгілі болғанда бұқара тіптен ашуланды.

Әкім: Жауап берейін, жауап берейін...

- При чем тут Қалбатау, при чем тут Бақыршық?...  

Дана Байбосынова, Әуезов ауылының тұрғыны:

- Үйді- үйге жүріп танымайтын адамдар жұмыс орыны ашылса қалай болады деп анонимный анкета жүргізді. Сөйтсек ол казцинктің адамдары халық арасында агитация жүргізіп жүрген.

Ал Казцинктегілер халықтың алаңдауына еш негіз жоқ дейді. Полигонға арналған аумақтан бас тартпайтындарын да алға тартты. Қазір, бұл жерде геологиялық, экологиялық зерттеу жұмыстары жүргізілсін деген пәрмен беріп те үлгеріпті. 


Қазтай Тәкеев, «Казцинк» ЖШС бас экологының орынбасары:

-Мемлекеттік талаптар бойынша аталған учаскеде полигонды салуға болады. Оның жер асты суларының төменде орналасқанын ескерсек, біз жер бетіне де ауаға да еш зиян келтірмейміз. Оның үстіне қалдықтарды жеткізгенде, көмгенде қатаң бақылайтын боламыз.   

Мынау өндірістік қалдықтар полигоны болады деп белгігенген орын. Әуезов ауылынын бар болғаны үш шақырым жерде. Жергілікті жұрттың шамына тигені де осы жайт. Құрамында ұлы химиялық заттары бар қалдықтар жеткізілсе, суымыз лайланып малымыз қырылады дейді тұрғындар. Ал бар тірлігі, қолындағы төрт түлігіне қараған халықтың бұлай деп алаңдауының жөні де бар.

Бір кездері 12 мың тұрғыны болған Әуезов кентінде қазір 3 мыңдай қараша қалған. Оның өзі кәрі-құртаң. Кеңес дәуірі кезінде Бақыршық тау кен байыту комбинаты олардың негізгі тіршілік көзі болған. Алтынымен атағы шыққан комбинат жабылысымен, жұрт кейін жаппай көшіпті. Қазір бұл зауыттан мына үйінділер мен жым-жырт тұрған қондырғылар ғана қалған.