Армия үйіне емін-еркін кіруі шектелген ардагерлер бүгін тағы бас қосты. Бірақ осы жолы ашуы қатты. Сондықтан жиын бірден дәнекерлеуші мен газ баллонының іске қосылуынан басталды.
Ауған соғысы ардагерлерінің бұлайша шорт кетуіне мына шлагбаум себеп. Армия үйіне іргесі жанай орналасқан өткізу бекетін АҚШ консулдығы қойып тастаған. Кірген шыққандарды америкалық күзетшілер басынан бақайшағына дейін тексереді. Бұған үзілді-кесілді қарсы ардагерлер 4 айдан бері түрлі наразылық шарасын ұйымдастырғанмен, талапқа құлақ асқан ешбір орган жоқ. Ақыры, ардагерлер мәселені осылай төтесінен шешуге мәжбүр болып отыр.
Минамжан Әшімов, Ауған соғысының ардагері:
- Әрбір кірген көліктің алды- артын тексереді. Капотты ашады. Мысалы, мүгедек ауған ардагері шыға алмайды. Бұл тексеруге қарсымыз. Себебі бұл өзіміздің жеріміз. Өзіміздің жерімізде өзіміз еркін жүруіміз керек.
Көпке бармай ардагердердің дегені де орындалды. Шлагбаумның құлыбы жұлынып, жол ашылды. Бірақ бөгеттің көтерілуі сол екен, ортадан жік шықты. Сөйтсек, тағы 10 күнге шегерім сұрап, әкімдік өкілдері жетіпті.
Рашид Дәулет, Алматы қалалық Ішкі саясат бөлімі бастығының орынбасары:
- Бөгетті осындай жолмен алуға біз қарсымыз. Сондықтан 10 күнге мұрсат сұрап отырмыз. Консулдыққа ресми өтініш жасаймыз. Әрине, алдымен қақпаның заңды түрде тұрғанын тексеруіміз керек..
Бірақ бейбіт шешіммен бөгеттің алынарына көптің күдігі бар.
Асылхан Жаңабаев, Ауған соғысының ардагер:
- 19-да көреміз. Келіңдер. Жай болмайды, шайқас болады. Өйткені арнайы жасақты ертіп келсе, бізде қарап тұрмаймыз. Жару керек болса, мина мен граната табамын.
Осылайша қара қақпа жартылай ашық күйде қалды. Бірақ оның толық ашылар, ашылмасы 10 күндік шегерімнен кейін белгілі болмақ. Бір қызығы, өткел қойылған бұл жер АҚШ үкіметінің федералды агенттігінің аумағына кірмейді екен. Сондықтан оның қалайша қойылып жүргені көпшілікке жұмбақ болып отыр.