2015 жылы 6 сәуірде Қазақстан Республикасының Ауғанстан Ислам Республикасындағы Елшісі Өміртай Бітімов осы елдің Сыртқы істер министрі Салахуддин Раббанимен кездесті.
Бұл туралы ҚР СІМ баспасөз қызметі хабрлайды.
Сұхбат барысында екі ел Сыртқы істер министрлігінің басшылығы арасындағы Қабыл қаласында алдағы саяси консультациялардың, Қазақстан-Ауғанстан сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі бірлескен үкіметаралық комиссиясының кезекті 7-ші отырысының және Ауғанстан президенті М. А. Ғанидің елімізге сапарын ұйымдастыру мәселелері талқыланды.
С. Раббани мемлекетімізді Орталық Азиядағы маңызды әріптесі әрі достас және бауырлас ел ретінде қарастыратынын айтты. Қазақстан дамуының үлкен жетістіктерін және Республика басшысы Н. Назарбаевтың рөлін айрықша атап отырып, С. Раббани мұқтаждық көріп отырған ауған халқына көрсеткен гуманитарлық көмегі үшін ҚР Үкіметіне ризашылығын білдірді.
Мемлекеттік білім бағдарламасының жалғастырылуына және елімізде ауған ұлттық кадрларын даярлауының ұзартылуына мүдделігін білдірді. Аталған бағдарлама шеңберінде қазақстандық жоғары оқу орындарында 2010 жылдан бастап мыңға жуық ауған азаматтары бейбіт мамандықтары бойынша даярланып жүр.
Ауған министрі Қазақстанға алғаш рет 1999 жылғы Экономикалық ынтымақтастық ұйымының Саммитіне қатысқан әкесі Ауғанстанның бұрынғы президенті, лаңкестер қолынан қаза тапқан Бурхануддин Раббанимен бірге келгенін айтты. Сол сапарда Алматыдан үлкен әсер алғанын, ал енді, көпке жақсы танымал Қазақстанның жаңа елордасы - Астананы көргісі келетінін мәлімдеді.