Ауғанстандық студенттер М. Мақатаевтың өлеңдерін мәнерлеп оқудан сайысқа түседі

Оны Сағат Әшімбаев атындағы «Парасат» жас әдебиетшілер клубы ұйымдастырып отыр.

"Шараның басты мақсаты - факультетте білім алып жатқан шетелдік студенттерге ақын өлеңдерін насихаттау арқылы қазақтың тіліне, өнеріне деген қызығушылықтарын арттыру. Жыр кешінің бірінші бөлімінде қазақ тілін үйренгендеріне төрт ай болған Ауған Ислам Республикасынан келген студенттер Мұқағали өлеңдерін мәнерлеп оқудан жарысқа түседі. Онда қазақ диаспорасы өкілдері де ақын өлеңдерін мәнерлеп оқудан өзара сайысқа түсіп, өздерінің қаламынан туған жырларын да оқығалы отыр", -дейді клуб жетекшісі, филология ғылымдарының кандидаты Жібек Ыбраимова.

Оның айтуынша, дәстүрлі түрде жыл сайын өтетін бұл шара биыл төртінші рет ұйымдастырылып отыр. Өнер кешінде ақиық ақынның өлеңдері оқылып қана қоймай, оның сөзіне жазылған әндер де шырқалатын болады.