Ауладағы қарды тазаламаған тұрғын үй копперативтеріне әкімшілік жаза қолданылуы мүмкін

Бұл туралы қалалық әкімдіктің баспасөз қызметі мәлімдеді.

Алматы әкімі Ахметжан Есімовтың төрағалығымен өткен отырыс жұмысына аудан әкімдері, коммуналдық қызмет және бейінді басқарма басшылары қатысты.

Отырыста А.Есімов қысқы маусымға қажетті қаражат қосылған аумақтарды ескере отырып бөлінгенін атап көрсетті.

«Сіздер білесіздер, биыл қалаға 23,2 мың га жер қосылды, сондықтан тазаланатын жол алаңы 2,4 млн шаршы метрге артты. Бұл тар жолы мен көшесі көп таулы жерлер. Бұл жерлердің көбіне қалада қолданылатын техника жарамайды. Сондықтан біз «Алматы тазалық» МКК үшін 24 арнайы техника сатып алдық», - дейді әкім.

Әкім қыс мезгілінде жүргіншілер жүретін жолдардың, аула ішіндегі аумақтардың жағдайына назар аударды.

«Тұрғын үй кооперативтері жауапты аулаларды қардан тазарту бойынша былтыр жағдай жақсарды, бірақ әлі де жұмыс істеу қажет. Аудан әкімдері осы мәселені үнемі бақылауда ұстауы қажет, өз міндетін атқаруға құлықсыздарға әкімшілік ықпал ету шарасын қолдану керек», - дейді А.Есімов.


Шара соңында әкім бірсыпыра тапсырмалар берді. Мәселен, 10 қарашаға дейін арнайы кәсіпороындардың қысқы тазарту жұмыстарына 100 пайыз дайындығын қамтамасыз ету, қоймаларда тайғаққа қарсы материалдардың жылдық 70 пайыз дық қорын қамтамасыз етуді міндеттеді.