Әлемнің бірінші ракеткасы, американдық Серена Уильямс пен үшінші сатыда тұрған ресейлік Мария Шарапова жеңіліп қалғаннан кейін мамандар чемпиондықтан басты үміткер ретінде белоруссиялық Виктория Азаренконы атап отыр. Әлемдік рейтингте екінші орында келе жатқан В.Азаренкоға Австралия ашық біріншілігін үшінші рет қатарынан ұтып алу мүмкіндігі туып тұр. Бұған дейін аталмыш чемпионатта 1997-1999 жылдары атақты швейцариялық теннисші Мартина Хингис үш мәрте жеңіске жеткен болатын. Бірақ бұл нәтижені қайталау үшін Викторияға біраз тер төгуге тура келеді. Оған алдымен ертең ширек финалда әлемнің бесінші ракеткасы, поляк қызы Агнешка Радваньсканы ұту керек. Содан «аман шықса», жолындағының бәрін «күйретіп» келе жатқан жас жарық жұлдыздың бірі, румыниялық Симона Халеп немесе Мария Шарапованы қапы қалдырған словакиялық Доминика Цибулкованың біреуімен кездеседі.
Бүгін жартылай финалға шыққан алғашқы теннисшілер белгілі болды. Он тоғыз жастағы канадалық Эжени Бушар төртінші айналымда Серена Уильямсты жолдан тайдырған сербиялық Ана Ивановичті үш партияда ұтып кетті. Мұны Австралия чемпионатының тағы бір жаңалығы деуге болады. Оның жартылай финалдағы қарсыласы - қытай қызы, әлемнің төртінші ракеткасы Ли На. Ол итальяндық Флавия Пеннеттаны оңай жеңді. Сөйтіп бас жүлдеден үміткерлер саны қысқарды.