"Ауыл" еңбек адамының мәртебесі үшін күреседі

«Локомотив жөндеу зауыты» ЖШС жұмысшыларымен жүздесу аталған серіктестіктің өндірістік цехында өтті. Жиынға кәсіпорынның 100-ге жуық жұмысшысы қатысты. Бұл жолғы кездесу «Ауыл» еңбек адамының мәртебесі үшін күреседі!» тақырыбында өтті, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы. 

«Елімізде нағыз еңбек адамын құрметтеу деген түсінік бүгінде тіптен құрдымға кеткен. «Адамды адам еткен – еңбек» десек, қоғамдық қатынастар өзгерген қазіргі кезде біз еңбек адамы деп кімді бағалап жүрміз? Бізде кімнің тамыр-танысы көп, соның жолы болғыш. Кім пысық болады, соның жағдайы жақсы. Біздіңше, еңбек адамы дегеніміз, ең алдымен, таза жұмыс істейтін адам. Еңбек адамы – өзінің табысын маңдай терімен табатын, жанын салып жұмыс істейтін адам. Еңбек адамы дегеніміз – таң атқаннан күн батқанға дейін тыным таппай тер төгетін жұмысшы қауымы сіздер мен жаздың шіліңгір ыстығы мен қыстың қақаған аязында ашық аспан астында бел жазбай еңбек ететін шаруалар. Бізде еңбек адамдарын бағалау жетіспейді. Еңбек адамы деген кез келген салада болу керек. Еңбек адамы – әлеуметтік құрылымдардың маңызды бөлшегіне айналуы тиіс. «Ауыл» партиясының сайлауалды бағдарламасында еңбек адамына ерекше құқықтық мәртебе беруге қол жеткізу керектігі тайға таңба басқандай анық жазылған. Партияның мақсаты қарапайым еңбек адамының мәртебесін қайтару. Бұл мәселе сіз бен біз тізе біріктіргенде ғана қолға алынады», – деді кәсіпорын жұмысшылары алдында сөз алған кандидат Жигули Дайрабаев.

Кандидаттар локомотив жөндеу зауытынан кейін Павлодар облысы Набережная ауылында орналасқан «Андас Agro» ЖШС жұмысшы ұжымымен кездесті. Серіктестік көкөніс өсіру, сақтау және сатумен айналысады.


«Ауыл» партиясының негізгі мақсаттарының бірі – еңбек адамының қадірін арттырып, мәртебесін көтеру. Сондай-ақ, оларға ауыл шаруашылығы өндірушілері ретінде артықшылықтар бере отырып, «ел асыраушысын» қастерлеуді қалыптастыру. Себебі елді адал маңдай терімен нәпақасын тауып жүрген, қолында күрегі мен кетпені, алдында малы бар адамдар ғана асырайды. Аграрлық сектордағы өнімнің жемісі – тікелей қарапайым еңбек адамдарының, яғни сіздердің еңбектеріңіздің арқасы. «Алтын, күміс – тас, арпа, бидай – ас». Адам таспен емес, аспен қоректенеді. Міне, соларға қамқорлық жасауымыз керек. Сондықтан да, «Ауыл» партиясы бүгінде еңбек адамының мәртебесін көтеру, қоғамда жұмысшы мамандықтарына деген оң көзқарасты қалыптастыру, еңбеккерлер абыройын асқақтату, беделі мен танымалдылығын арттыру жөніндегі барлық іске бастамашы, ұйытқы болып қана қоймай, соның заңнама тұрғысында нақты мәртебеге ие болуы үшін күш салып жүр. Еңбек адамының мүддесі – біздің мүдде!», – деді жиналыста сөз сөйлеген кандидат Николай Арсютин.

«Ауыл» партиясының сайлауалды бағдарламасымен танысып, үгіт-насихатын тыңдаған қос кәсіпорын жұмысшылары партияның ұстанған бағыттарына ризашылықтарын білдірді. Жиын барысында олар кандидаттарға сұрақ қойып, ұсыныстарын аманаттады.