"Ауыл" партиясы демократиялық күштерді үйлестіру кеңесіне бақылаушы ретінде бірікті

"Біздің бұл қадамымыз - екі түрлі ұстанымнан туындап отыр. Біріншіден, біз өткен сайлаудың қорытындысын мойындамау ұстанымын қолдаймыз. Екіншіден, қоғамды жалпы демократияландыру бағытындағы саяси реформаларға атсалысатын боламыз",- деді Ғ.Қалиев.

Оның айтуынша, "Ауыл" партиясынан кеңеске партия төрағасының орынбасары Ержан Сағындықов өкіл ретінде тағайындалады.
Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, еліміздегі "Ақ жол" демократиялық партиясы, Коммунистік партия мен "Қазақстанның демократиялық таңдауы" партиялары Қазақстандағы саяси реформаларды жүзеге асыру бағытында елдегі демократиялық күштердің әрекеттері мен күш-жігерін үйлестіру үшін демократиялық күштерді үйлестіру кеңесі құрылғанын мәлімдеген. Бастамашылрдың айтуынша, кеңестің басты мақсаты "Қазақстанның демократиялық күштері одағын құру үшін" саяси партиялар, қоғамдық бірлестіктер мен еліміздің қоғам және саяси қайраткерлерінің күшін біріктіру болып табылады. Сондай-ақ, кеңесті құрушылар еліміздегі саяси реформалардың бағдарламасы мен болашақ президент сайлауындағы демократиялық күштердің сайлау алдындағы біртұтас тұғырнамасының жобасын әзірлемекші. Кеңеске қатысушылар сонымен бірге президент сайлауында демократиялық күштердің атынан ортақ үміткердің атын ұсыну үшін біртұтас ұстаным жобасын жасап келіспекші.