Ауыл тұрғыны ұрланған көлікпен жолаушы тасымалдап, нəпақа тапқан

Қостанай облысына қарасты Қостанай ауданының орталығы Затобол елді мекенінің тұрғыны көлік ұрлағаны үшін бұрын да сотталған болып шықты. Наурыздың 7-інен 8-іне қараған түні арнайы жасақ өкілдері мінген шолғыншылар патрулі мен жол полициясы қызметкерлері көлік ұрлаған азаматты қолға түсірді. Күдікті көлікті қолды қылғанымен қоймай, онымен біршама нәпақа табуды да жөн санап, облыс аймағында такси қызметін көрсетіп жүрген.

Қостанай облыстық ІІД-нің арнайы жасағының аға лейтенанты Александр Поповтің айтуынша, Затобол ауылынан көк түсті «Дэу Нексия» көлігінің ұрланғаны туралы хабар түскен кезде олар Қостанайдың солтүстігінде кезекшілікте жүрген.

«Көлік ұраланғаны туралы хабарды естіген соң түнгі сағат 2-00 шамасына жергілікті дәмханалардың бірінің жанынан ұрланған көліктің келбетімен шамалас автомобильді көрдік. Көлікті тоқтатқанымызда оны жүргізіп келе жатқан азамат Затобол елді мекенінде тұратынын, такси жүргізушісі екенін және қала сыртына қарай кетіп бара жатқандығын айтты. Ол бұрын да көлік ұрлағаны үшін бірнеше мәрте сотталған адам болып шықты»,-деді Попов.

Ұсталған азамат өзінің жасаған заңсыз әрекеттерін алдымен мойындамай қойған. Полиция қызметкерлері оны «Арман» стационарлық бекетіне алып келіп, істің мән-жайын анықтау үшін жедел-іздестіру тобын шақырған.


Жыл басынан бері Қостанай облысында 22 көлік ұрлығы ашылған.