"Ауылда өмір сүріп жатқан 7 миллионнан астам тұрғынның сұрауы": Депутат агробанк құрудың маңызын айтты

Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы хабарлайды.

Ол “De” ютуб арнасына берген сұхбатында агронесие берудегі жемқорлық мәселесін цифрландыру арқылы шешуді ұсынды.

“Агронесие беруді цифрландыру керек. Цифрландырудың негізгі мақсаты - адаммен адамның қарым-қатынасын азайту. Қазір біз көптеген мемлекеттік қызметтерді онлайн алып жүрміз. Дәл солай субсидия болсын, қандай да бір үкіметтік көмекті цифрландырылған жолмен алуымыз керек, және сол бағытты үкімет ұстанып отыр”, - дейді ол.

Сондай-ақ, ол агробанк құру мәселесінің өзектілігіне де тоқталды.

“Біздің, “Ауыл” партиясының берген уәдесі - агробанк мәселесін қозғау. Банк ашу депутаттардың құзырында емес. Бірақ, саяси күш ретінде өткір түрде ол мәселені көтеруге қақымыз бар. Парламентке келген бірінші күнге дейін позициямыз өзгерген жоқ. Агробанк керек деген сауалды үнемі көтеріп жүрміз. Қай ауылға барсаң да осы агробанк мәселесін айтсаң, саяси көзқарастарына қарамастан барлық фермердің басы қосылады. Агробанк құру - партиялардың позициясы емес, халықтың айтып жатқан мәселесі. Азық-түлік қауіпсіздігімізді қамтамасыз етіп жатқан фермердің, шаруа қожалықтардың, ауылдық жерде өмір сүріп жатқан 7 миллионнан астам тұрғынның сұрауы. Осыны Парламенттік тыңдауда айтқан кезде 6 фракция бір ауыздан қолдады. Үкіметке сол хатты жолдадық. Өкінішке орай, Үкімет пен Ұлттық банктің қатып қалған позициясы бар. “Кезінде агробанк болған, ол өзінің тиімділігін көрсеткен жоқ” деп жауап береді. Көршілес Ресей, Белоруссия, Қырғызстан, Өзбекстан елдерінде агробанктер бар. Бізде ғана жоқ. Ал өнім жағынан біз алда келе жатырмыз”, - дейді Серік Егізбаев.