Ауылдар мүлдем жабылып қала ма деп қорқамын - Ринат Зайытов

Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы хабарлайды.

Ол “Adal Adam” ютуб арнасына берген сұхбатында ауылдық аймақтардағы негізгі мәселелерге тоқталды.

“Ауылдар мүлдем жабылып қала ма деп қорқамын. Урбанизация қатты жүріп жатыр. Ауылға барғысы келетін адам өте аз. Олар барса да жер, жұмыс, инфрақұрылым, аурухана, балабақша, мектеп мәселесінде көп қиыншылықтарға кездеседі. Ауылға өзі көп нәрсе керегі жоқ. Соның өзі көп жерде тоқырып жатыр. Ал ауыл құрыса, мемлекет ұзақ жасамайды. Ондай мемлекетте болашақ болады деп айту қиын. Себебі, техника, жасанды интеллект дегендер бір күндік. Өмірлік қалатын дүние: білім, азық-түлік. Тамақтың негізін ауылдан алатын едік. Қазір ауылдарда мал шаруашылығында, егіншілікте кедергі көп. Қарапайым тамақ шығаруда да кедергі көп. Нәтижесінде адамдар қалаға келіп, тентіреп жұмыс іздейді. Зіңгіттей, бір үйір жылқыны бағындыратын жігіттер еріккеннен такси жүргізушісі болып жүрген жоқ. Өткенде оқу министрінен ауыл қанша мүгедек бала барын сұрадым. Білмейді, ауылды ұмытып барады. Есепті қаланың деңгейінде бере береді. Сол жағы жаман. Ауылдарда кітапхана ашуды міндеттейтін заңға норма беріп едік. Оны ешкім пысқырмады. Ақша жоқ деді. Қазір ауылдың жастары айналысатын ештеңе жоқ. Мәдениет үйлерінің де жағдайы сын көтермейді. Ауылға барып топтастыратын да адап жоқ. Ауылдарда театр жоқ”, - дейді ол.