Баспасөз қызметінің хабарлауынша, комиссия қосымша қажеттілік тудыратын қаржыны белгіледі, ол болжам есеп бойынша 805 млрд теңгені құрайды және де ауылдың білім беру, денсаулық сақтау, ауыз сумен қамтамасыз ету, жергілікті маңызы бар автокөлік жолдар, электрификациялау, газбен, телефонмен жабдықтау және мәдениет саласындағы жобаларға жұмсалуға тиіс.
"Ауылдық аумақтарды дамыту жөніндегі Мемлекеттік бағдарламаның 2007-2009 жылдарға арналған іс-шаралар жоспарының жүзеге асырылуын қарастыру барысында, республикамыздың әлеуметтік-экономикалық дамуының орташа мерзімді жоспарымен үйлестірілген 2008-2010 жылдарға арналған республиканың ауылдық елді-мекендерінің әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымдарын дамыту үшін қажет болатын қосымша қаржы қажеттілігіне талдау жүргізілді",- деп нақтыланған баспасөз қызметінің таратқан құжатында.
"Алдағы үш жылдағы ең басты міндеттердің бірі ауылдық елді-мекендердің әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымын түбегейлі дамыту үшін қаржы инвестициясын тиімді бөлу және жұмсау мәселесі болып табылады. Мемлекеттік бағдарламаны жүзеге асырудың екінші кезеңінде көрсетілген мемлекеттік қолдау шаралары экономиканың одан әрі дамуына, ауыл тұрғындарының жалпы өмір сүру деңгейінің көтерілуіне себепші болуға тиіс",- деп айтылған баспасөз баянында.
Бұрын хабарлағанымыздай, 2004 жыл мен 2006 жылдар аралығында мемлекеттік бағдарламаны жүзеге асырудың бірінші кезеңінің аясында орталық және жергілікті атқарушы органдар ауылдардың әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымын дамытуға қатысты шаралар кешенін жүзеге асырған болатын. Ауылдық аймақтарды дамытуға барлық қаржыландыру көздерінен 201,7 млрд теңгеден астам қаржы жұмсалған, бұл 421 білім беру нысанын, 318 денсаулық сақтау нысанын, 861 ауыз сумен қамтамасыз ету нысанын, сондай-ақ басқа салалардағы бірқатар нысандар салуға және жаңалауға мүмкіндік берді.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Казахстан Сегодня» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті