"Статистикалық деректерге жүгінсек, еліміздегі Жалпы Ішкі өнім көлеміндегі аграрлық сектордың үлесі 8,5 проценттен аспайды . Бұл көрсеткіш те, еліміздегі ауылшаруашылығы саласының қазіргі ахуалы да түбегейлі өзгеруге тиіс",- деді парламент мәжілісінің төрағасы Жармахан Тұяқбай өз сөзінде. Спикердің пайымдауынша, ауылдық аумақтарды дамытудың жеті жылдық мемлекеттік бағдарламасы сол өзгерістің басты арқау негізі болуға тиіс.
Сондай-ақ, Ж.Тұяқбайдың пікірінше, "еліміз аумағында өндірілген ауылшаруашылығы өнімдерін экономикалық тепе-теңдікті сақтай отырып тұтынуға ішкі рыноктің сыйымдылығы жетіспейді. Ал ауылшаруашылығы өнімдерін өндіруден түсетін кіріс ауыл тұрғындарының ең төменгі тұрмыстық стандарттары деңгейін де қамтамасыз ете алмай отыр".
Мәжіліс төрағасы ортаға салған деректерге жүгінсек, 5,5 мың ауылдық елді мекендерде су тарататын құбыр жүйесі тартылмаған, ауыл тұрғындары жер беті және жер асты суларының ластануынан зардап шегуде. 265 ауыл электр жарағымен қамтамасыз етілмеген, 500-ден астам елді мекенге сенімді автожол желісі тартылмаған, ауыл тұрғындарының көп бөлігі ақпараттық кеңістіктен тысқары қалып, ақпараттан сусап отыр, 1370 елді мекен ең қарапайым медициналық мекеменің өзіне де зәру.
"Соған қарамастан, соңғы уақытта мемлекетіміз осындай ауқымды қиындықтарды жеңіп шығуға бел байлады. Бас-аяғы үш жылдың аясында ауыл мұқтаждығына арнап 150 млрд. теңге бөлу көзделіп отыр",- деді Ж.Тұяқбай. Оның айтуынша, мемлекеттік инвестиция тек экономикалық әлеуеті бар ауылдарды дамытуға ғана бағытталуы тиіс. Ал болашақсыз деп танылған ауылдарда тұрғындарды басқа жерге қоныстандыруға бағытталған шаралар кешені жүзеге асырылады.
Қазір парламенттік тыңдау одан әрі жалғасуда.