Ауыр атлетикадан әлем чемпионаты: Қазақстаннан 72 елдің 57-сі отанына медальсыз қайтты

Сегіз күн бойы әлем назарын өзіне аударған әлемдік дода есте қаларлық тосын жаңалықтарға толы болды. Қазақтың Әнұраны үш мәрте әуеледі. Жерлестеріміз жалпыкомандалық есепте 5 медаль (3 алтын, 2 күміс) жеңіп алып, үздік үштіктен көрінді. Бұл - жай жетістік емес әрине.

Енді осы біріншілік жайында кеңінен тоқталып өтсек.

Әлем чемпионатына 72 елден 538 спортшы қатысып, 15 медаль жиынтығын сарапқа салды. Осы 72 елден 15 мемлекеттің спортшылары медальға ие болса, 57-сі отандарына медальсыз қайтты. Ең көп жүлдені жалпы есепте топ жарған Қытай спортшылары (4 алтын, 1 күміс, 5 қола) иеленсе, жалғыз қола медальмен шектелген Литва медаль алған 15 елдің соңғы көшін түйіндеді. Ал Солтүстік Кореяның зілтеміршілері 8 медаль (4 алтын, 1 күміс, 3 қола) жеңіп алып, екінші орынға жайғасты. Осылайша, алтынның көбісін Азияның үш мемлекеті бөлісіп алды. Қалған төрт алтынның екеуін әлем чемпионатының соңғы күні Ресей спортшылары олжаласа, Иран мен Албания ерлер арасындағы сайыста бір-бір алтыннан еншіледі.

Қазақстан қоржынына алғашқы саф алтынды Зульфия Чиншанло (53 келі) сыйласа, екінші алтынды қазақтың жас қыраны Жасұлан Қыдырбаев (94 келі) жеңіп алды. Ал үшінші алтын жүлдені тағы бір даңқты саңлағымыз Илья Ильин (105 келі) жеңіп алып, мерейімізді тасытты. Ал, екі күмістің бірін қазақтың қаракөз қызы - Жазира Жаппарқұл (69 келі) иеленсе, екіншісін ерлер арасындағы Владимир Седов (94 келі) жеңіп алды.

Ұршықтай қыз үшінші мәрте әлем чемпионы атанды

Алғашқы алтынды қоржынымызға ұршықтай қыз Зүлфия Чиншанло салғанын жоғарыда атап өттік. Бұл Зүлфияның алғашқы ірі жетістігі емес. Ол бұған дейін 2009 және 2011 жылдары әлем чемпионы атанған болатын. Алматы төрінде өткен әлемдік додада ол үшінші мәрте әлем чемпионы атағына қол жеткізді. Алайда, бұл жолғы жетістігінің жөні бөлек. Себебі, біріншілік өз жерімізде өтіп жатыр. Сондай-ақ, ол осыдан бір жарым айдан астам уақыт бұрын Инчхонда өткен ХVІІ жазғы Азия ойындарында Тайпэй қызы Суй Щу-Цзинге есе жіберіп, күміс медаль еншілеген. Міне, Алматыда сол зілтемірші арудан есесін қайтарды. Бұл жолы да Инчхондағыдай негізгі бәсеке Зульфия мен Щу-Цзин арасында өрбіді. Инчхонда 233 (101+132) келіні бағындырып, бас жүлдені алған тайпэйлік бұл жолы  218 (99+119) келіні әрең дегенде бағындырып, Зульфия Чиншанлодан қалып қойды. Ал біздің жерлесіміз  232 (98+134) келіні аспанға атып, әлем рекордын жаңартты.

Қазақтың арманы орындалған күн

Иә, Алматыда ауыр атлетикадан өткен әлем біріншілігінде екінші алтынды ұзақ күттік. Сағына, сарыла күттік. Зүлфияның алтынынан кейін, бес күн бойы өзге елдің өрендерінің жетістігіне қол соқтық. Тура аламанның жетінші күні қазақ баласы жеңіс тұғырының ең биік сатысына шығады деп ешкім де ойлаған жоқ.

Осыған дейін, "қашан ауыр атлетикадан қазақ баласы чемпион болады" деп армандап келдік. Естеріңізде болса, былтыр Польшада өткен дүниежүзілік жарыста қазақ баласы Алмас Өтешов қазақ тарихында тұңғыш рет күміс жүлдеге қол жеткізіп, алаш жұрты бөркін аспанға атқан еді. Міне, араға бір жыл салып тағы бір қазақ баласы ауыр атлетикадан тұңғыш рет әлем чемпионы деген мәртебелі атаққа қол жеткізді. Алматы төрінде өткен бұл доданың екінші алтын жүлдесінің қазақ жұрты үшін орны ерекше.

Ерлер арасында 94 келі салмақ дәрежесінде сынға түскен жап-жас бауырымыз Жасұлан Қыдырбаев өз салмағында қарсыластарының барлығын қапы қалдырып, әлем чемпионы атанды. Бірден айта кетейік, бұл салмақта екі бірдей жерлесіміз бақ сынады. Оның бірі - Владимир Седов. Ол күміс жүлдені еншіледі.

Владимир алғашқы сында 188 келі салмақты көтеріп, бірінші орынға ие болды. Ал осы салмақта үшінші орынға табан тіреген Литва зілтеміршісі Ауримас Дидзбалис 185 келімен екінші орынды иеленді. Ал Жасұлан Қыдырбаев 179 келіні еңсеріп, үшінші орынға қол жеткізді.
Бар қызықтың барлығы серпе көтеруде басталды. Ең соңында сайысқа түскен барлық зілтеміршілер өздеріне берілген бар мүмкіндіктерінне шығып, Жасұланның соңғы бір мүмкіндігі қалған болатын. Ол онсыз да жүлдегерлер қатарында тұрған болатын. Соңғы мүмкіндігінде ол "не белбеу, не бел кетеді" деген тәуекелмен 229 келіге тапсырыс берді. Өйткені бірінші орында тұрған (жұлқа көтеруде тоғыз келі айырмашылықпен қара үзіп кеткен) Седовтан асып түсу үшін оған 10 келі артық көтеру керек болды. Өзі берген тапсырысты оңай еңсерген небәрі 22 жастағы Жасұлан тәжірибелі қарсыластарын қайран қалдырып, әлем чемпионы атанды. Қазақтың "күш атасын танымайды" дегені осындайда айтылса керек.

Илья Ильиннің ерлігіне Елбасы да сүйінді

Ауыр атлетикадан Олимпиада ойындарының екі дүркін чемпионы, осыған дейін әлем чемпионатының үш мәрте жеңімпазы, бірнеше әлемдік рекордтың иесі атанған Илья Ильин Алматыда өткен біріншілікте төртінші мәрте әлем чемпионы деген атқа қол жеткізді. Бұл жолы Илья халықаралық аренада 105 келі салмақ дәрежесінде алғаш рет сынға түсіп, топ жарып отыр. Сондықтан осы салмақтың үздіктері мен рекордшылары арасында топ жарып, чемпион атану оңай болған жоқ. Әйтсе де, ол сенімді ақтап, Қазақстан халқын қуанышқа бөледі.

Алғашқы жұлқа көтеру сайысында өзбек Руслан Нуруддинов 193 келімен үздік шықты. Қытай зілтеміршісі Же Янг 191 келіні еңсеріп, екінші орынды иеленді. Біздің Илья Ильин 190 келіні көтеріп, бұл сында үшінші орынға табан тіреді.

Серпе көтеру сайысы жұлқа көтеру сайысынан әлдеқайда шиеленісті өтті. Әлем рекорды бірінен кейін бірі үш мәрте жаңартылды.

Барлық зілтеміршілер өз өнерлерін аяқтап, ең соңында үш спортшы ғана қалды. Әрі Ильиннің екі мүмкіндігі, ал өзбек Руслан Нуруддинов пен ресейлік Давид Беджанянның соңғы мүмкіндіктері қалған еді. Нағыз жан алысып, жан беріскен тартыс та осы сәтте орын алды.

Жұлқа көтеруде өзбек зілтеміршісінен үш келі кем көтерген Ильин тәуекелге бел буып, 239 келіге тапсырыс берді. Бұл әлем рекордынан бір келі артық болатын. Өкінішке қарай, Ильин 239 келіні төбесіне тік көтере алмады. Іле-шала ортаға Нуруддинов шығып, 239 келіні көтеріп, әлем рекордын жаңартты. Қуанғанынан тілін сыртна шығарып, айғайлап, аспанға секірді. Бірақ оның қуанышы ұзаққа созылмады. Өзінің бүгінге дейінгі рекорды бұзылған (238 келі болатын) Давид Беджанян 240 келіні көтеріп, ол да қуанышын жасыра алмай, жан-жағына бұрылып, екі қолын көкке кезек-кезек сермеді.

Кезек Ильинге келді. Ол тек 242 келіні көтеру керек. Тұтас елдің үмітін арқалаған Ильяның басқа амалы қалмады. Сонда ғана ол әлем чемпионы бола алады. Балуан Шолақ атындағы спорт сарайына жиналған қазақстандықтар одан тек алтын күтіп отырғанын өзі де жақсы біледі. Ақыры 242 келіге тапсырыс беріп, зілтемірге беттеді. Осы сәтте спорт кешеніне жиналған халық орындарынан тік тұрып, қолдау көрсетті. Ол зілтемірдің қасына келді де демін ішіне тартып, 242 келі салмақты төбесінен асырып, тік көтерді. Міне, нағыз рекорд! Нағыз қайсар рух! Нағыз алып күштің иесі! Осылайша, Ильин төрт дүркін әлем чемпионы атанды.

Ильиннің бұл ерлігіне тек ел ғана сүйінген жоқ. Елбасы да сүйініп, сол сәтте телефон арқылы тамаша жетістігімен құттықтады. Ал Ильин бұл жеңісін әуелі Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевқа және Қазақстан халқына арнайтынын атап өтті. 


Дәл осы жерден сәл шегініс жасап, тарих бетіне көз жүгірте кетсек. Осыған дейін Илья Ильин Алматыда өтетін додада топ жара ала ма деген сұрақ жиі көтерілген болатын. Міне, топ жарып қана қоймай, әлем рекордын да жасады. Төрт дүркін әлем чемпионы деген атаққа да қол жеткізді.
Жалпы ауыр атлетика тарихында төрт немесе одан да көп әлем чемпионы атанған спортшылар саусақпен санарлық. Атап кететін болсақ, КСРО-ның аты аңызға айналған ауыр атлеті Юрий Варданян өткен ғасырдың 70-80- жылдары өз салмағының алды болып, әлемнің 7 дүркін чемпионы атанды. Сондай-ақ, атақты Халил Мутлуды да ең көп әлем чемпионы атанған спортшы ретінде атауға болады. Түріктің шынашақтай ғана баласы Олимпиада ойындарының 3 дүркін чемпионы атанып қана қоймай, әлемдік тәжді 6 мәрте иеленді. Әлем чемпионатында алты рет жеңімпаз атанғандардың қатарында КСРО дәуірінде өмір сүрген Василий Алексеев те бар. Ал, әлем чемпионатының бес дүркін чемпиондарына келсек, ең алдымен Анатолий Храпатый сынды отандасымызды айтуға болады. Жалпы А.Храпатыйдың Қазақстан ауыр атлетикасына сіңірген еңбегі орасан зор. Бұдан бөлек, бес дүркін чемпиондардың ішінде түріктің аты аңызға айналған ауыр атлеті Наим Сүлейменоғлының да есімі бар. Қырғыз халқының бағына туған Олимпиада чемпионы Қаныбек Османалиев әлемдік жарыста төрт мәрте жеңімпаз атанған спортшы.

Біз бұны не үшін айтып отырмыз? Міне, бүгін Илья Ильин де Алматыда өткен әлем чемпионатында төртінші мәрте әлем чемпионы атанып, аты аталған аңыз спортшылардың қатарынан ойып тұрып орын алды.

Алтынға бергісіз күміс

Қазақстан қоржынына түскен екі күміс жүлденің бірін қазақтың қайсар қызы әйелдер арасында 69 келіге дейінгі салмақта сынға түскен Жазира Жаппарқұл жеңіп алғанын жоғарыда атап өттік. 

Жазираның бұл күмісі алтынға бергісіз десек артық айтқандық болмас.

Бұл салмақта бас жүлдені кәріс қызы Ун Хю Ре алды. Ол екі сайыстың қорытындысы бойынша 265 (120+145) келі салмақты бағындырды. Ал қаракөз қарындасымыз 262 (118+144) келіні көтеріп, әлем чемпионатының күміс жүлдегері атанды. Кәріс қызынан небәрі үш-ақ келі кем көтерді. Ал үздік үштікті 261 (118+143) келіні бағындырған қытайлық Чен Юджуан қорытындылады. 
Әйелдер арасындағы 69 келі салмаққа дейінгі сынға тағы бір отандасымыз, Лондонда өткен Олимпиада ойындарының чемпионы Мая Манеза да қатысқан болатын. Алайда, ол үздіктердің қатарынан көріне алмады. Мая екі жаттығудың қорытындысы бойынша 231 (105+126) келіні төбесіне көтеріп, жалпы есепте сегізінші орынды місе тұтты.

Жазираның болашағынан үлкен үміт күтуге болады. Ол осыған дейін де талай байрақты бәсекелерде ел намысын абыроймен қорғап келе жатқан таланттардың бірі.

Медаль алған мемлекеттердің көрсеткіштері:

Орны

Елдер

Алтын

Күміс

Қола

Жалпы

1

 Қытай

4

2

5

11

2

 С.Корея

4

1

3

8

3

 Қазақстан

3

2

0

5

4

 Ресей

2

2

2

6

5

 Иран

1

1

0

2

6

 Албания

1

0

0

1

7

 Египет

0

1

1

2

8

 Болгария

0

1

0

1

8

 Тайпэй

0

1

0

1

8

 Индозия

0

1

0

1

8

 Түркия

0

1

0

1

8

 Өзбекстан

0

1

0

1

8

 Ветьнам

0

1

0

1

14

 Тайланд

0

0

3

3

15

 Литва

0

0

1

1

15

15

15

45