- Мәден Мырзахметұлы, ауыр атлетикада әлемдік көшбасшылар қатарында жүрген қазақстандық спортшылардың Ұлыбритания астанасындағы жетістігін сіз қалай бағалайсыз?
- Оны қазір әркім әртүрлі сан-саққа жүгіртіп жүргенмен, бұл біз үшін алдын-ала межеленген көрсеткіш болды. Оған қол жеткізу үшін спортшыларымыз ұзақ уақыт бойы дайындалды. Бұл бапкерлер мен атлеттердің ерен еңбегі мен жаттығу залында шелектеп төгілген терінің өтеуі деуге болады. Онда әрдайым арық айтып, семіз шығуды жөн көретін ұлттық құраманың бас бапкері Алексей Нидің еңбегін де ерекше атап өту керек. Олимпиада төрінде толағай табысқа қол жеткізген атлеттеріміздің есімі бұрын да төрткүл дүниедегі спорт сүйер қауымға жақсы таныс болатын. Сондықтан оны кейбіреулер айтып жүргендей кездесоқтық, не сәті түскен жеңіс деуге болмайды. Мәселен, біздің орталық ұлттық құрамаға үміткерлер резервін дайындайды. Онда түрлі деңгейдегі халықаралық жарыстарда бәсекелестікке түсетін спортшылар іріктеліп, арнайы әзірленеді. Лондонда 53 келіде әнұранымызды шырқатқан Зульфия Шиншанло мен 69 келіде 5-орын алған Анна Нұрмахамбетова және 105 келіде зор сенім ұялатқан Александр Зайчиков осы орталықтың мүшелері.
- 2016 жыл Рио-де Жанейрода өтетін ХХХІ жазғы Олимпиада ойындарына қатысуға бұл спортшыларды негізгі үміткерлер қатарынан көруімізге болады ғой?
- Әлбетте, солай. Бұдан бөлек, 10-18 мамырда Гватемаланың Антигуа қаласында өткен жастар арасындағы Әлем біріншілігінің жеңімпаздары Жазира Жапарқұл (69 кг) мен Ибрагим Берсанов (105 кг), қола жүлдегерлер Жасұлан Қыдырбаев (94 кг) мен Карина Горичева (63 кг). 2011 жылы Перуде 17 жасқа дейінгі, ал Малайзияда 20 жасқа дейінгі жастар арасындағы Әлем чемпионы атанған Надежда Ногай (+75 кг) сияқты атлеттерімізге үміт арта аламыз. Сол сияқты Әлем және Азия деңгейіндегі жарыстарда үздіктер қатарынан орын алып жүрген Әділбек Балқаев (69кг) сияқты тағы бірнеше талантты спортшыларымыз бар.
- Орталықта қазір қанша спортшы бар және олардың қол жеткізген қандай жетістіктері бар?
- Ауыр атлетикадан олимпиадалық даярлау орталығы 2007 жылы ашылды. Оған дейін бізде резерв дайындалмайтын. Жалпы қазір мұнда 75 спортшы бар. Оның 35-і қыздар, 40-ы жігіттер. Орталықтың тәрбиеленушілері арасынан жастар арасындағы Әлем чемпионатында 2009 жылы күміс, ал биыл алтын жүлде алған Ибрагим Берсанов (105 кг). 2010 жылы жастар арасындағы І Олимпиада ойындарында чемпион болған Жазира Жапарқұл, Зүлфия Чиншанло (58 кг) күміс, Рүстем Сыбаев (85 кг) қола жүлде алды. Көрсеткіштеріміз жыл сайын өсуде. Мәселен, әлем біріншілігінде былтыр 1 алтын, 2 кола, 2 күміс алса, биыл 2 алтын, 2 қола алдық. Енді қыркүйек айында Словакияда жастар арасында биылғы Әлем чемпионаты болады. Қазір оған дайындалып жатырмыз. Толық құрам болмайды. Саннан сапаға көшіп жатқандықтан 7-8 спортшы апарып, 2 алтын, 4-5 күміс және қола жүлде алуды болжап отырмыз. Өйткені соңғы жылдары бізден жанкүйер тек алтын медаль күтетін болды.
- Рио-Де Жанейрода зілтеміршілеріміздің Лондондағы жетістігін қайталау мүмкіндігін қалай бағалайсыз? Егер Алексей Ни бас бапкерліктен кетіп жатса бұл ұлттық құраманың көрсеткішіне қаншалық әсер етуі мүмкін?
- Мүмкіндік барлық кезде де бар. Тек оны жүзеге асырудың жолы әртүрлі болуы мүмкін. Қазір бізде ұлттық құрамаға лайықты ізбасарлар бар. Болашағынан үміт күттіретін талантты жастарымыз өсіп келе жатыр. Бұған еліміздегі әлеуметтік-эконокалық ахуалдың тұрақтылығы мен спортқа деген оң көзқарастың орныға бастауы түрткі болып отыр. Мәселен, Лондонда өнер көрсеткен спортшыларымыздың 2016 жылы да құрама сапындағы орнын сақтап қалуға әлеуеті жеткілікті. Олимпиаданың 2 дүркін чемпионы Илья Ильин енді 105 келіде өз бағын сынап, бұл жетістігін жаңғыртуға әзір екенін қазірдің өзінде мәлімдеп үлгерді. Сол сияқты Майя Манеза мен Зүлфия Чиншанлоның, сондай-ақ Анна Нұрмұхамедова, Алмас Өтешов пен Александр Зайчиковтарды да әлі ешкім оңайлықпен қатардан шығара алмайды. Ал бас бапкердің жайына келсек, меніңше қазір Алексей Ниді ауыстыратын бапкер әлі қалыптасып болған жоқ. Ол өз қызметін атқару кезінде зор тәжірибе жинақтады. Оның кәсіби біліктілігінің өте жоғары деңгейде екенін күллі дүниежүзі мойындап отыр. Жалпы жаттықтырушылық ұзақ еңбекті қажет ететін - өте кірпияз жұмыс. Ал ұлттық құраманың бапкері болу ол тіпті қиын және оның жауапкершілігін сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Онда қабылданған қандай да бір шешім спортшының өмірін кез келген бағытқа өзгертіп жіберуі мүмкін. Сондықтан онда сауысқанның сақтығы, бүркіттің қырағылығы, қыранның алғырлығы сияқты сан алуан қасиеттің бір адамның бойында табылуы өте маңызды. Сондықтан да қазір Қазақстан туы астында өз бағын сынап, спорттағы биік белестерді бағындыру үшін ерекше қызығушылық білдіріп отырған спортшылар көрші елдерде өте көп. Оның ішінде әлемдік спорттың көшбасшылары саналатын Қытай мен Ресейдің атлеттері де жетерлік. Сол сияқты спорттық нәтижелері көңіл қуантып, бәрімізді қанағаттандырып отырғандықтан оны шетелдік маманмен алмастыру да көңілге онша қонбайды. Өйткені олар бейімделіп, оң мен солын толық танып болғанша көп нәрсе өзгеріп кетуі мүмкін. Қазір ешбір елде спорт бір орында тұрған жоқ.
- Шетелдік спортшылар мен бапкерлердің көмегіне жүгіну қазір кең етек алып кеткені сонша, онымен ешкімді де таңғалдыра алмайсыз. Біреулер оны табыс табудың бір көзі деп қарастырса, екіншілері өз спортшыларын дайындау үшін пайдаланады. Сондықтан оның пайдасы екі жаққа да тиімді болған соң, бұл үрдістен ешкім шет қалғысы келмейді. Дегенмен оның пайдасы мен зиянын талдап түсіндіруге келгенде кейде қызу пікірталастар туындап қалады.
- Бұл - қалыпты құбылыс. Өмір болған соң қуаныш пен мұң, жеңістер мен сәтсіздіктер алма-кезек боп жатады. Тек одан дұрыс сабақ ала білу керек. Жалпы қандай да бір елдің жалауы мен әнұраны тек мемлекет басшыларының ресми сапарлары мен спортшылары тұғырдың төрінен табылған спорт жарыстарында ғана көтеріліп, шырқалады. Бұл екінің бірінің маңдайына бұйырмаған зор мәртебе. Сондықтан кез-келген ел әлемдік қоғамдастықта өзінің абыройын асқақтатып, мерейін өсіру үшін кейде сырт елден спортшылар тартуға тырысады. Оны Лондондағы жазғы Олимпиада ойындарында да көзімізбен көрдік. Бұл үшін ешкімді-ешкім жазғырмайды. Біреу-біреуді ұлтына, дініне, түр-сипаты мен діліне қарай бөлектесе, оған жол берген елдерге халықаралық спорт ұйымдары айыппұл төлетіп, кейде жарысқа қатысудан шеттетуге дейін қатаң жазалар қолданады.
Қазақстанның ауыр атлетика спортында елімізге сырттан келіп, өз бағын сынап жүрген спортшылар ішкі бәсекелестікті көтеруге көп септігін тигізді. Бір залда жаттығып, тәжірибе алмасқан соң ұлттық біріншілік аса тартысты өтіп, нағыз үздіктерді іріктеп алуға мүмкіндік туа бастады. Бұл өз кезегінде халықаралық спорт додаларында ұлттық құраманың ел намысын абыроймен қорғап шығуына жол ашуда. Жыл сайын жаңа чемпиондар мен жаңа есімдердің шығып жатқаны - соның айғағы.
- Ауыр атлетиканың даму деңгейі аймақтарда қалай жүріп жатыр? Республиканың барлық аймағында бірдей спорт мектептері бар ма?
- Алматы, Қызылорда, Көкшетау, Оңтүстік Қазақстан облыстары мен Алматы қаласында жақсы дамып жатыр. Шығыс Қазақстан мен Солтүстік Қазақстанда орташа. Артта келе жатқан тек Батыс Қазақстан облысы ғана. Ал спорт мектептеріне келсек, Алматыда, Қарағандыда, Қызылордада, Көкшетауда, Таразда бар. Алдағы уақытта енді оларды батыс пен солтүстікте де ашу қажет. Лондон олимпиадасындағы көрсеткіштеріміз оны Қазақстанда қазір №1 спорт түріне айналдырды. Сондықтан жеткен жетістіктерімізді сақтап қалу үшін алдағы уақытта мұндай шараларды кешенді түрде жүйелі жүзеге асырудың маңызы зор. Былтырдан бері жоғары спорт мектебі бапкерлер дайындау ісін өз қолына алуда. Өйткені мамандар дайындауда шешімін таппаған мәселе көп. Көп жерде жаттықтырушы, психолог, массажистер жетіспейді. Егер бәрі ойдағыдай жүретін болса, бәрі ақырындап өз орнына келеді деген үміт бар. Өйткені, салауатты өмір салтын ұстанып, спортпен айналысушылар саны жыл сайын артып келе жатыр.