Алматыға әуежай саламын деп алғаш бүлінгендердің бірі Владимир Куропатенко деген азамат бұл. 1995 жылы ұшақтарға ұшып-қонуға ыңғайлы 9 жер телімінде тауып қойған. Таңдау Қапшағай күрежолына түскен еді. Тіптен құрылысы да қауырт басталған. Алайда 2 жыл өтпей қаржыландыру тоқтап, іс аяқсыз қалыпты. Енді қазір қыруар қаржы шашып құрылыс бастау барып тұрған бассыздық, өйткені бізде жеткілікті жолаушы жоқ деп отыр.
Владимир Куропатенко,ҚР Әуе тасымалдаушылары қауымдастығының төрағасы:
-Екі әуежай болса кемі жылына 30 млн.жолаушы ұшуы қажет. Бірақ бір жылда екі рет бүкіл Қазақстанды әрі-бері ұшыра алмаймыз ғой. Бұл барып тұрған ақымақтық. Алматы әуежайында транзит көлемі де көп емес.
Ал екінші әуежай ауадай қажет дейтіндердің бірі мәжілісмен Николай Логутов. Үкімет басшысына жобаны жеткізіп, батасын алып жүргенде осы депутат.
Николай Логутов, Мәжіліс депутаты:
-Алматы іргесіне қосымша әуежай салу біз үшін өте қолайлы. Өйткені қазіргі әуежайды кеңейту мүмкін емес. Ұшақтар қаланың үстінен ұшып өтуде. Оның үстіне қазіргі әуежай ойпаң жерде орналасқан. Екі күннің бірінде тұман басып тұрады. Сол себепті қала сыртынан тағы бір әуежай тұрғызсақ көптің көңілінен шығамыз.
Логутов күні-түні тыныш таппай ақыры бекіттіріп алған Алматы іргесінде әуежай мына Жетіген ауылында тұрғызылмақ. Қазіргі әскери аэродром толық сүріліп тасталады. Елбасы батасын берген әуежайдың құрылысын “Самұрық-Қазына” қаржыландырмақ. Жетігендегі 2 мың гектер жерге салынуы тиіс су жаңа нысан Алматыдан 50 шақырым жерде.
6 жыл бұрын да шенеуніктер қазіргі Алматы әуежайында халықаралық рейстерге арналған терминал тұрғызбақ болған. Жұмысы басталғанмен көп кешікпей ол да аяқсыз қалды. Қазір темірлері шіріп қажетсіз жатыр.
Жетіген жерінен салынуы тиіс әуежай Орта Азиядағы ең үлкені болады деп сендірді шенеуніктер. Жылына 40 миллион жолаушыны тасымалдауға қауқарлы. Бастысы жоба бекітілді. Алайда екінші әуежайдың құрылысына қарсы боп жүрген тарап бұл іс қазынаны қақсатып кетеді деп дабыл қағуда. Айтуларынша Жетігенге екінші әуежай салу үшін ең кемі 2 миллиард доллақ қажет екен.