Алғашқы 2 күннің қорытындысы бойынша, 70 елдің 19-ы ғана өз қоржындарына алғашқы медальдарды сала алды. Бұл тізімді 2 алтын, 1 күміс, 12 қола жүлдемен Германия бастап тұр. Екінші орынды 2 алтын және 1 күміспен Қытай спортшылары иеленсе, үздік үштікті түйіндеген Жапонияның қоржынында 2 алтын, 4 қола бар.
Бұрынғы кеңестік республикалар арасында әрқайсысы бір-бір күміс олжалаған Қазақстан, Беларус, Латвия және Эстония елдері 15-інші орынды өзара бөлісіп тұр. Оларды жалғыз қола иеленген Андорра, Нидерланды, Ресей құрамалары өкшелеп келеді. 13-22 қаңтар аралығында өтетін бұл дүбірлі додада медальдардың жалпы 63 жиынтығы ойнатылады. Оның алтауы 14 қаңтар күні сарапқа салынып, олар өз иелерін тапты. Онда француз тау шаңғышысы Эстель Альфан жасөспрімдердің І Қысқы Олимпиадасының тұңғыш чемпионы атанды. Эсталь супергигантта 1 минут 5,78 секунд уақыт көрсеткішімен үздік шыққан еді. Ал қазақстандықтар арасынан алғашқы жүлдені биатлоншы Галина Вишневская иеленді. 15 қаңтарда спортың бұл түрінен медальдардың 2 жиынтығы өз иелерін тапты. Атап айтқанда, 6 шақырымдық жарыста неміс қызы Франциска Преусстың бағы жанды. Ал қазақстандық Г. Вишневская - күміс, ресейлік Ульяна Кайшева - қола жүлдегер атанды.