Австриялықтар қазақ өнеріне тәнті болды

Концерт алдында оны тамашалаушыларды Қазақстанның Мәдениет және ақпарат министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед қошеметтеп, Қазақстан бүгінде әлемнің көптеген мемлекеттерінде, соның ішінде Австрияда, зор экономикалық, зияткерлік және шығармашылық әлеуетті мемлекет ретінде танымал деп атап өтті.

«Өз баяндамасының соңында Министр бұл тәрізді іс-шаралардың Батыс пен Шығыстың мәдениетаралық және ұлтаралық үнқатысуы контекстісінде маңыздылығын атап өтті»,-делінген ҚР СІМ баспасөз қызметінің мәліметінде.

Концерт барысында жұртшылық назарына қазақ композиторлары мен әлемдік классиктердің туындылары ұсынылды. Көрермендер қазақстандық орындаушылардың өнеріне тәнті болып, өздерінің алғысын ұзақ қошеметпен білдірді. Олар еркін және мерекелі жағдайда еліміздің саяси, экономикалық және мәдени өмірімен танысуына мүмкіндік алды.

Австрияда өткен мәдени іс-шара ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі, еліміздің Австриядағы елшілігі, Австрияның Еуропа және халықаралық істері жөніндегі федералдық министрлігі, сонымен қатар Австрия-Қазақстан қоғамдастығының қолдауымен ұйымдастырылды.

Қазақстан Ресей мен Украинадан кейін, ТМД елдерінің ішінен сауда көлемі бойынша Австрияның үшінші әріптесі.