И.Тасмағамбетов Қазақстан жағының бұл жобаға қызығушылық танытатынын мәлімдеді. "Бұл мәселе бойынша мен келіссөздер жүргізуге және тиісті келісімге қол қоюға дайынмын",- деді әкім. "Қазіргі жағдаймен Алматыда қоқыс мүлдем дерлік өңделмейді. Бізде қоқысты нығыздап, оны көметін қондырғы бар. Сол себепті технологияларыңыз біз үшін қызғылықты",- деді И.Тасмағамбетов.
"Бұл қондырғының ерекшелігіне келсек, қоқысты жағу нәтижесінде жылу мен қуат алу мүмкіндігін беретіндігінде",- деді Й.Вурметцбергер. "Қоқысты жағу барысында түзілетін бу құбырлар арқылы Жылу электр станциясына беріледі. Соның арқасында біз қоқысты өртеу және одан қуат алу процестерін біріктіреміз. Нәтижесінде басқа да маңызды ресурстар үнемделеді",- деді ол.
Й.Вурметцбергердің айтуынша, "бұл қондырғы Еуропада алғаш рет қолданысқа енгізілген". "Біз халықаралық рынокта бұл қондырғыны жасап орнатып береміз және қаржыландырамыз. Бұдан кейінгі шығындар қоқысты өртеу нәтижесінде үнемделген қаржы мен жарналар есебінен өтеледі",- деді Австриялық кәсіпкер.
Өз кезегінде И.Тасмағамбетов "еліміз үшін экономиканы әртараптандыру мен ХХІ ғасырдың технологияларына негізделген қосымша құны жоғары жаңаша өндірісті іске қосудың маңызы зор", деп атап өтті. "Алматыда бұрындары мұнайгаз секторы мен әскери-өнеркәсіптік кешенге бағыталған ірі өнеркәсіп орындары болды және қазір олар әжетке жарамай отыр. Олар барлық коммуникацияларымен қоса қала ішінде үлкен аумақтарды алып жатыр. Индустриялық-инновациялық даму жөніндегі мемлекеттік бағдарлама аясында құрылған қаржылық институттардың көмегімен күш біріктіре отырып, осындай жаңа өндіріс құруға біздің мүмкіндігіміз бар",- деді қала әкімі.
Сонымен бірге кездесу барысында тараптар экология, білім беру бағдарламалары мен туризмді дамыту салаларында әріптестік байланыстарды дамыту мәселелерін талқылады. Төменгі Австрия Федеральды жерінің губернаторы Эрвин Прелль "Төменгі Австрия жерінің шағын және орта кәсіпкерлік нысандары шоғырланған Алматы қаласымен арада экономикалық байланыстар орнату және оны тез арада қарқындандыруға үлкен қызығушылық танытып отырғанын" атап өтті.